Қазақстанның туристік саланы дамытудағы болашағы зор - С.Нөгербеков

28 Тамыз, 2017 13:15
Қазақстанның туристік сала мен көлік логистикасын дамытуда үлкен әлеуеті бар. Бұл туралы G-Global халықаралық хатшылығының төрағасы Серік Нөгербеков Астанада өтіп жатқан Жібек жолы бірлескен инновацияларының бірінші халықаралық форумы барысында мәлім етті.

«Бүгін «Бір белдеу, бір жол», «Нұрлы жол» сияқты жаһандық жобаларды ілгерілету бойынша бірінші халықаралық форум өтіп жатыр. Біз ғалымдардың, үкіметтер, үкіметтік емес сектор, бизнес өкілдерінің күшін біріктіреміз. Осының аясында жобаларды нақты іске асыру, ғылыми ұсынымдар әзірлеу жолдарын талқылаймыз. Бұл «Бір белдеу, бір жол», «Нұрлы жол» жобаларының сапалы іске асырылатынына деген сенімді одан сайын арттыра түседі», - деді С. Нөгербеков.

Сондай-ақ ол Қазақстанның туристік сала мен көлік логистикасын дамытудағы болашағы зор екенін атап өтті.  

«Біз аумақ жағынан әлемде 9-шы орын аламыз, Қазақстанның логистика бойынша мүмкіндіктері зор. «Бір белдеу, бір жол» жобасы көлік пен логистика ғана емес, бұл инфрақұрылым да. Ірі өндірістік кәсіпорындарды ашу АӨК, өңдеу секторының, туризмнің дамуына үлкен серпін береді. Туризмде бір жұмыс орнын ашу өнеркәсіптегі жұмыс орнынан 10 есе арзан екенін барлығымыз білеміз. Ал Қазақстанның туристік саланы дамытудағы әлеуеті зор, ол АӨК-пен бірлесіп локомотивке айнала алады. Бұл біздің бәсекелі басымдығымыз», - деп бөлісті спикер.

Оның айтуынша, «Нұрлы жол» ауқымды жобасын іске асыру және «Бір белдеу, бір жол» жобасын бірлесіп іске асыру интеграциясы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға күшті синергетикалық әсер береді.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы жер бетіндегі ең ірі инфрақұрылымдық жоба. Оны еуропалықтар да, америкалықтар да мойындап отыр. Бұл жобаны Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі жасаған. Жобаға өте көп мемлекет қатысатындықтан, интеграция қажет. Мемлекеттік органдар, саясаткерлер ғана емес, ғылыми-сараптамалық қоғамның да осы жобаларды іске асыруға көмектесуі қажет. Тіпті ұлттық жобаны іске асырған кезде көп проблема туындайды. Ал бұл халықаралық жоба. Әрине, ол қазақстандық қоғамның ғана емес, жобаға қатысатын елдер қоғамының да күш біріктіруін талап етеді», - деді С. Нөгербеков. 

Сондай-ақ, ол осы жобалар шеңберінде көлік логистикасының әсері бірден сезінетінін, қазақстандық көлік магистральдарына түсетін жүктеме ұлғаятынын қосты.

«Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы логистиканы қамтамасыз ету үшін 3 мың метрге жуық автомобиль жолын салды. Қытайдан Еуропаға жүктердің орасан көлемдері тасымалдануда. Қазақстан автомобиль және теміржол логистикасына ақша салды. Сәйкесінше, біз инвестицияларды қайтарып, одан ақша табуымыз тиіс. Ең бірінші әсері – осы. Екіншісі – туризм. Біз туризм инфрақұрылымын дамыту үшін барынша күш салуымыз керек. Сондай-ақ, осы жоба аясында өңдеуші сала да дами түседі», - деп қорытындылады С. Нөгербеков.

Еске сала кетейік, Астанада Жібек жолы бірлескен инновацияларының бірінші халықаралық форумы өтуде. Форумға қатысуға Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан мен басқа да елдерден 150-ден астам қонақ келді. 

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар