• Басты
  • ОҚО-да үш ұстазға пәтер кілті табысталды

ОҚО-да үш ұстазға пәтер кілті табысталды

25 Тамыз, 2017 10:53
ОҚО-да өткен тамыз конференциясында үш ұстазға пәтер кілті табысталды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жиында облыс әкімінің Грамотасына 5 падагог ие болса, 8 ұстаз облыс басшысының Алғыс хатын алды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің наградалары аясында 5 мұғалім «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін, 5 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, 4 сала қызметкерлі «Құрмет грамотасын» және 4 мұғалімге «Алғыс хаты» бұйырды. 

Айта кету керек, өңірде қазіргі  таңда 69 мыңнан аса мұғалім білім береді. 2017-2018 жаңа оқу жылына 640 мыңға жуық оқушы келеді, яғни өткен жылмен салыстырғанда 28 мыңға (2016ж.-611318) өседі деген сөз. Оның ішінде, 1-сыныпқа  баратын балалар саны  73691  баланы құрап отыр. Жалпы өңір бойынша 1036 мектеп бар, оның ішінде 7-еуі жеке меншік.

Биыл білім саласын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 257,6 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 19  млрд. теңгеге  артып отыр. Мұнан бөлек, осы жылы 31,2 млрд. теңгеге 79 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатса, оның 29 білім нысаны жыл соңына аяқталып, пайдалануға беріледі.

2016 жылы апатты және үш ауысымды 43 мектеп болған еді. Ағымдағы жылы 20 мектептің құрылысы тапсырылады, ал қалған 23 мектептің құрылысын 2018-2019 жылдары аяқтау жоспары іске аса бастады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары өткен оқу жылымен салыстырғанда 95 бірлікке (жекеменшік – 93 балабақша, 3 шағын орталық) артып, бала бақшаға кезекке тұрған 3-6 жастағы балалар саны 43 мыңнан 28 мыңға азайды.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес мектеп оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етілуде. Облыс бойынша осы оқулықтарға жалпы 4,5 млрд. теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге өсті.

Барлық жаңалықтар