Көліктік-логистикалық жүйенің дамуы

Жамбыл облысында 300 шақырымға жуық жол жөндеуден өтеді

Жамбыл облысында 300 шақырымға жуық жол жөндеуден өтеді, деп хабарлады аймақ әкімдігі.
Жамбыл 24 Тамыз, 09:31

Оның 6 шақырымы жаңа құрылыс, 7 шақырымы қайта жөндеу және 287 шақырымы орташа жөндеу жұмыстарынан өтеді.

Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 060 шақырымды құрайды. Оның ішінде жалпы пайдаланымдағы жолдар - 5 172 шақырым, елді мекендердегі көшелер – 4 888 шақырым. Республикалық жалпы пайдаланымдағы - 1 237 шақырым болса, облыстық - 1 943 шақырым және аудандық маңызы бар - 1 992 шақырымды құрап отыр.

«Үстіміздегі жылы Жамбыл облысындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бюджет көздерінен 9,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына - 3,3 млрд. теңге, аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді-мекендердің көшелерін жөндеуге - 3,8 млрд. теңге және Тараз қаласы көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға 2,7 млрд. теңге қарастырылды», - деп атап өтті әкімдіктен.

Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұңқырлар жөнделіп, жаңа жол белгілері мен көпірлерге қоршаулар орнатылды.
Былтырғы жылы бастау алған «Ақыртас» және «Тау самалы» туристік кешендері жолдарындағы жөндеудің 10 шақырымы аяқталуға жақын. Бүгінгі күні нысанды пайдалануға беру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Айта кету керек, соңғы алты жыл ішінде Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға барлық бюджет көздерінен 43,3  млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 8,3 млрд. теңге және жергілікті бюджеттерден 35 млрд. теңге бөлініп, жол жөндеу жұмыстарымен 2417 шақырым жолдар мен көшелер қамтылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша 2016 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайының үлесі 75,5% құраса, Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы бұл көрсеткішті 77%-ға жеткізу көзделуде.





Яндекс.Метрика