Үкімет

ИДМ: Өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі 30 пайызды құрады

Өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дағы үлесі 12 пайызды, ал, экономикада 30 пайызды құрады. Бұл туралы мемлекеттік бағдарламаның іске асырылу барысына арналған Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан 22 Тамыз, 15:04

Айта кетейік,  Индустриаландыру мемлекеттік бағдарламасының мақсаты - өнеркәсіпті әртараптандыру  және өңдеу өнеркәсібі саласының өсімі.

«Біздің экономика әртараптандыруды қажет етеді. Бірнеше жыл бойы  аталмыш бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібінің  өсімі байқалады», - деді вице-министр.

А.Айдарбаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дағы үлесі  12 пайызды, ал, экономикада  30 пайызды құрады.

«Аталмыш бағдарлама жаңа нәтиже беруде. Жаңа жұмыс орындары құрылып, ел экономикасында өңдеу өнеркәсібінің үлесі артуда», - деді А.Айдарбаев.

2017 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңдеу секторының кәсіпорындарында өндірістің нақты өсімі 6,3% құрады.

«2017 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ долларын құрап, 5,3%-ға артты.

2017 жылдың қаңтар – мамырында өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі  2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,8%-ға артып, 6,2 млрд. АҚШ долларын құрады.

«Бұл әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасының қолайлылығына, өнімді өткізу нарығының кеңеюі мен жеткізу өсіміне байланысты іске асырылып отыр»,-деп атап өтті Алик Айдарбаев.

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 411,1 млрд. теңгені құрады. Яғни, 2016 жылдың қаңтар – маусым айларымен салыстырғанда 27,5 млрд. теңгеге өсіп, 2,7%-ға артқан.

«Индустрияландырудың екінші бесжылдығы іске асырыла бастағаннан бері (2015-2016 жж.) 7 трлн. теңгенің 258 жобасы іске қосылып, 21 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал, 2017 жылдың 7 айында құны 489,8 млрд. теңгеден асатын 32 жоба іске қосылды. Мұнда шамамен 3,9 мың жұмыс орны ашылды»,-деді Бірінші вице-министр. 

Ақбота Күзекбай 





Яндекс.Метрика