Кедендік декларацияны қарау мерзімі 4 сағатқа дейін қысқарған – ҚР ҚМ

22 Тамыз, 2017 10:54
Үкімет отырысында ҚР қаржы министрі Бахыт Сұлтанов кодекс жобасындағы кедендік әкімшілендіруді оңайлатудың анағұрлым маңызды сәттері туралы айтып берді.

Б.Сұлтанов атап өткендей, Ұлттық кедендік кодекс жобасы ЕАЭО Кеден кодексінің нормаларына сәйкес әзірленген. 

«Біріншісі, жоғары ұлттық кеден кодексінің нормалары ескеріле отырып, кеден мен бизнестің электрондық өзара іс-қимылының басымдығы бекітілген. Кедендік декларациялау және тауарларды шығару процесі автоматтандырылады. Енді тәуекелдер болмаған жағдайда ақпараттық жүйе санаулы уақытта кедендік декларация бойынша шешімдер қабылдайтын болады», - деді Б. Сұлтанов.

Осы ретте, министрдің айтуынша, декларацияны қараудың ең ұзақ мерзімі бір жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартылған. Мұндай жаңалық бизнес шығындарын едәуір қысқартып, өткізу пункттері арқылы тауарлардың өткізілуін жылдамдатады.

«Екіншісі, үздік әлемдік тәжірибесі бар бірқатар елдерді мысалға ала отырып, кеден қызметкерлерінің транзиттік декларациялар мен жолаушылар кедендік декларацияларын толтыру мүмкіндігі енгізілді. Бұл брокерлік компаниялардың көрсететін қызметтеріне балама қызмет болып табылады. Үшіншіден, «мемлекет пен бизнес әріптестігі» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында, біз уәкілетті экономикалық операторлар үшін жеңілдіктерді қайта қарадық», - деп хабарлады ведомство басшысы.

Бахыт Сұлтановтың айтуынша, енді олар мәртебесі Еуразиялық экономикалық одақ аумағында таныла отырып, транзит кезінде қосымша жеңілдіктерге ие болады. Сондай-ақ, операторларға қатысты кедендік операциялар тікелей олардың қоймаларында бірінші кезекте орындалатын болады.  

«Төртіншіден, озық ақпараттық технологиялар мен шешімдерді қолдану мақсатында, жаңа норма – электрондық кедендік сүйемелдеу енгізілді. Ол бүгінде қолданылып жүрген тауарларды жеке сүйемелдеуді алмастыруға мүмкіндік береді. Бесіншіден, кедендік әкімшілендірудің төлемдік бөлігі пысықталды, оның нәтижелері бойынша кедендік төлемдерді алдағы міндеттемелер есебінен аванс арқылы енгізу, сондай-ақ оларды кедендік баждың, салықтардың төленуін қамтамасыз ету ретінде пайдалану мүмкіндігі белгіленген», - деді ол.

Бұдан бөлек, Кодекс жобасында «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының Қазақстан-Қытай жобасын дамытуға бағытталған ережелер көзделеді.

Ақбота Күзекбай

Фото Бауыржан Жуасбаев

Барлық жаңалықтар