- Басты
- Жаңалықтар
- «Рухани жаңғыру»: ОҚО-да көшпелі киіз үй пайда болды
«Рухани жаңғыру»: ОҚО-да көшпелі киіз үй пайда болды
Оңтүстікқазақстандық өнертапқыш Еркінбек Бөкебаев дәстүрді сақтап қалудың тың үлгісі ретінде қазақтың ескі пішіндегі арбасының үстіне киіз үйді қондырған жылжымалы дүңгіршек - «Qazaq Arbasy»-сын ойлап тапты. Мұны қарабайыр дүние деп ойламаңыз. Оны жасау үшін соңғы үлгідегі заманауи материалдар жұмсалды және олардың көпшілігі шетелден арнайы тапсырыспен сатып алынды. Бұл арба қазақтың қымыз-қымыран секілді ұлттық сусындарын сатуға арналған.
Өнертапқыш осындай дүниені 2011 жылы жасауға кірісіпті. Бірінші нұсқасы жеміс-жидек сататын арба болды. Кәдімгі дөңгелекпен жүретін, үстінде сонау Санкт-Петербургте тоқылған кәрзеңкесі бар, бірақ заманауи арба. Оны 2014 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сарыағаш ауданына іссапармен келген кезде таныстырған. Сонда өнертапқыштың туындысын жоғары бағалаған Президентіміз оған «Qazaq Arbasy» деген атау беріпті. Содан кейін мұндай арбаның тағы бір нұсқасы жасалды. Біз әңгімелеп отырған киіз үй пішіндес түрі «Qazaq Arbasy»-ның соңғы нұсқасы.
Оны құрастыруды Еркінбек Тәженұлы биыл бастаған. Сөйтіп 8 айда ойлап тапқан 5-6 түрінің ішінен осы нұсқасын таңдаған. Бұл арбаны жасап шығару үшін өнертапқыш 5 млн. теңге қаражат жұмсаған. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, арбаның жабдықтары заманауи материалдардан жасалған. Сондықтан оның бағасы да қымбат. Оның үстіне көпшілігі мұхит асып, шетелден әкелінген.
Мәселен, 100 ватт электр энергиясын беретін күн батареясы--АҚШ-тың өнімі. Оның ерекшелігі - салмағының жеңілдігінде. Бар-жоғы 2,5 келі тартады. Дәл осындай батареяның қытайлық нұсқасы бұған қарағанда он есе ауыр. Сондай-ақ, киіз үйдің сырты шыны мақтадан жасалған арнайы торлы матамен көлегейленген.
Ол арбаның өзін және клиенттерді күн көзінен қорғау үшін қажет. Мұны да өнертапқыш АҚШ-тан әкеліпті. Бұл матаның артықшылығы, күннен келетін ыстықтың 95 пайызын кері қайтарады. Бұдан бөлек, 350 литр ұлттық сусындарды сақтауға шақталған тоңазытқыш орнатылған. Оны да өнертапқыш өзінің сызбасы бойынша Алматыдан арнайы жасатып әкелген.
«Біздің дүниемізді еліміздің дизайнерлер одағы, қазақ тағамтану академиясы толығымен қолдап отыр. Тіпті, академик Төрегелді Шармановтың өзі киіз үйдің шаңырағына қарап ішкен сусынның адам бойына тез сіңетіні жөнінде ғылыми дәйектер келтіруде. Жалпы, жылжымалы механизм алғаш рет қазақ даласында ойлап табылған. Қазақ халқы бағзы замандардан бері сайын сахарада көшіп-қонарда арба, күймені пайдаланған. Бұл туралы ортағасырлық әйгілі жиһанкездердің еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, қазақтарда киіз үйлі арба болғандығы туралы құжаттар, соның ішінде мұндай арбаның көне сызбалары Париждегі ескі архивтердің бірінен табылды. Сондықтан заманауи арбаны салт-дәстүрімізді бүгінгі заманға лайықтап, екінші өмір сыйлайтын нағыз рухани жаңғыруға жатқызуымызға болады», —дейді өнертапқыш Е.Бөкебаев.
-
ДСМ: Omicron штамының таралуын болдырмау мақсатында қандай шектеулер енгізіледі -
ТЖМ: Газ баллондар мен газ жабдықтарын қалай пайдалану керек -
Мектеп оқушылары арасында үздік ораторлар белгілі болды -
Жалға берілетін тұрғын үй: Алматылық жастар үшін талаптары қандай -
Елордада «Рухани жаңғыру» аясында қандай жобалар жүзеге асуда -
А.Цой: «Салауатты ұлт» жобасы денсаулық сақтау жүйесін реформалауға мүмкіндік береді -
Маңғыстау облысында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау шаралары -
Отандық ғалымдар жаралар мен күйіктерді емдеуге арналған инновациялық құралдар әзірледі -
Зейнетақы жүйесіне қандай өзгерістер енгізілмек -
Халық санағы: Үй аралау кезіндегі ерекшеліктер, аралық қорытынды және қауіпсіздік шаралары -
Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау шаралары -
Тұрғын үй нарығында тұрақтылық бар ма -
Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет ала алатын қазақстандықтардың тізбесі кеңейтілді -
Екібастұз қаласының дамуы: инвестициялық жобалар, тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім беру жүйелері -
Атырау және Қызылорда облыстарында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау шаралары