Алматы облысында құс фабрикасы жыл сайын 220 млн дана жұмыртқа өндіреді

18 Тамыз, 2017 09:57
Болашақта «Сарыбұлақ» ЖШС құс етінің өндірісін айына 30-40 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда. Компанияның қызметі туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында оның директоры Мұрат Уәлиев айтып берді.

«2007 жылы біз Қазақстанда жоқ жаңа құс фабрикасын салдық. Оның қуаттылығы 220 млн дана жұмыртқаға дейін жетеді. Екінші нысан 2010 жылы іске қосылған май дақылдарын өңдеу зауыты. 2013 жылы «ҚазАгро» холдингінің көмегімен ұлттық қор қаражаты – тікелей инвестициялар алынып, жаңа құс фабрикасы салынды. Бұл құс фабрикасы жылына 20 мың тоннаға дейін құс етін өндіреді», - деп хабарлады М. Уәлиев.

Спикердің айтуынша, компанияда ет өндірісін кеңейту және экспортқа май дақылдарын дамыту бойынша жоспарлар бар. Қазіргі уақытта Алматы облысындағы кәсіпорын өз өнімін Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Үндістан және ҚХР-ға жеткізіп тұрады.

Айта кету керек, «Сарыбұлақ» ЖШС нарықта он жылдан астам. Осы уақыт ішінде компания үш негізгі бағытты – жұмыртқа, ет өндірісін және май дақылдарын өңдеуді дамытқан. 

Барлық жаңалықтар