• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астана мен Гуанчжоу екі қала арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін талқылады

Астана мен Гуанчжоу екі қала арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін талқылады

17 Тамыз, 2017 11:12
Астана қаласының әкімі Гуанчжоудан (Қытай Халық Республикасы) халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінде Гуандун провинциясы аптасының ашылуына келген делегациямен кездесті.

Қала әкімдігі хабарлағандай,  кездесу барысында Гуанчжоу қаласының саяси консультативті кеңесінің төрағасы Лю Юелунь мен Астана әкімі Әсет Исекешев екі қала арасындағы әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.

Қонақтарды Қазақстан астанасының инфрақұрылымы таңғалдырған.

«Сіздердің қалаларыңызда болғанымызға қуаныштымыз. Мен үшін және делегация үшін бұл Астанаға алғашқы сапарымыз. Біз қаланың инфрақұрылымына қызықтық. Салынған архитектуралардың стилі әртүрлі және Астанада жолдар кең екен. Біз қаланы жоспарлауда сіздердің тәжірибелеріңізді қолданғымыз келеді. Сол себепті сіздердің қалаларыңызбен әріптестік орнатуды қалаймыз», - деді Гуанчжоу қаласының саяси консультативті кеңесінің төрағасы Лю Юелунь.

Сондай-ақ шетелдік меймандарды қаламен танысу барысында өзінің көркемдігімен, тазалығымен Есіл өзені қызықтырды.

Екі қалаға тәжірибе алмасып, әріптестік орнату үшін перспективалық бағыт - туризм саласы болып табылады. Астананың Гуанчжоумен достық байланыс орнатуы сауда-экономикалық, мәдени және білім салаларында үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Аспан асты елінен келген делегация кездесу соңында Астанамен ынтымақтастық орнатуға ниетті екендіктерін білдірді.

Ал, ертең елордада инвестиция бағытында тәжірибе алмасу бойынша Қазақстан-Қытай жиналысы өтеді. Онда келген тарап қатысып, белсенді атсалыспақ.

 

 

 

Барлық жаңалықтар