Б. Сағынтаев машина жасау компаниясының басшысымен кездесті

16 Тамыз, 2017 17:28
Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев компания президенті И Сяоган басшылық еткен SANY Group компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.

Кездесу барысында машина жасау саласында, сонымен қатар көлік-логистикалық орталықтардың құрылысы мен оларды дамыту саласында ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.  

Айта кетейік, SANY Group-тің негізі 1989 жылы қаланған және ҚХР-дің алғашқы жекеменшік машина жасау компанияларының бірі болып табылады. Негізгі қызметі – құрылыстық және арнайы техникаларды әзірлеу, өндіру және сату. Қытайдағы ірі машина жасау компаниясы, және әлемдік рейтингте бесінші орында.

Құрылыс техникаларының мына түрлері бойынша Қытай нарығында көшбасшылық орындарға ие: бетон араластырғыш, порттарға арналған техника, экскаваторлық техника, ауыр тонналы крандар, көмір өнеркәсібіне арналған техника, жол техникасы, тіреулі жұмыстарға арналған машиналар мен жабдықтар. Корпорацияның 6 641 жеке тіркелген патенті бар.

Компания қызметінің жаңа бағыттары жел және күн энергетикасы, мұнай жабдығы, құрылыс, көмір химиясы, банктік және сақтандыру қызметтері.

Германияда, АҚШ-та, Бразилияда және Үндістанда орталықтары мен өндірістік базалары орналасқан.

Барлық жаңалықтар