Сенатор Р.Әкімов Ақмола облысының әлеуметтік нысандарында болды

16 Тамыз, 2017 19:36
Парламент Сенатының депутаты Рашит Әкімов жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенатор Бұланды ауданындағы Макинск құс фабрикасының құрылысында, «Макинск элеваторы» ЖШС-де, қуаты жылына 34 мың тоннаны құрайтын базальт минераль тақталар шығаратын зауытта («Политерм» ЖШС) болды. Депутат маңызды инвестициялық жобаларды нәтижелі жүзеге асыру ауданның алдағы уақытта экономикалық дамуына жақсы серпін береді деп санайды.

Р.Әкімов әлеуметтік саланың ахуалымен де танысты. Сенатор «Арайлым» балалар бақшасында, аудандық емханада болып, еңбек ұжымымен дәрігерлік қызмет көрсетулерді дамыту және азаматтарды медициналық сақтандыру институтының енгізілуі мәселелерін талқылады. Ақкөл ауданының басшылығымен кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық саласына қатысты мәселелер талқыланды.

Сенатор Парламенттің жоғарғы Палатасы жұмысының нәтижелері туралы жан-жақты хабардар етті. Рашит Әкімов аудандық мәслихат хатшысымен және депутаттармен кездесу барысында қазіргі кезде Парламент палатасының қарауында 80-нен астам заң жобасы бар екенін атап өтті. Олардың қатарында еліміздің орман қорын қорғауға бағытталған құжаттар да бар. Өзекті мәселелердің қатарында өртке қарсы және ағаштардың заңсыз кесілуіне қарсы шаралар ғана емес, орман аймақтарында мал жаю, орманды өз мақсатында пайдаланбау, орман қорына жататын жерлердің қатарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер де бар. Соған байланысты орманды сақтау ғана емес, оның аумағын кеңейту мақсатында орманды қорғауды заңмен реттеу жұмыстарын жүзеге асыруға тура келеді.

Сенатор Астрахань ауданындағы Қызылжар ауылындағы жөндеуден өткен клубта, «Ырысты-Астык» астық жинау мекемесінде, «Федоренко ИК» және «Фермер 2002» серіктестіктерінде болды.
 

 

Барлық жаңалықтар