Үкімет

Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында Ұлттық инвестициялық стратегия қалай әзірленуде

Үкіметтің отырысы барысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияның қалай әзірленіп жатқаны жайында айтып берді.
Нұр-Сұлтан 15 Тамыз, 12:29

"Стратегияда экспортқа бағытталған, шикізат емес секторлардағы тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға екпін беріледі. Негізі, нысаналы көрсеткіштер анықталды. Стратегия табысты іске асатын болса, бес жылдың ішінде тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағынының кезең-кезеңімен экономикаға 26%-ға дейін, ал тиімділікті арттыруға және экспортқа бағытталған инвестициялар 50%-ға дейін өседі деген болжам бар», - деді министр.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбектің айтуынша, ішкі инвестициялардың өсуі де болжанып отыр.

«Министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, тиімділікті арттыруға бағытталған жаңа инвестиция тартуға ұтымды басым салаларды белгіледі.  Осы салаларды екі топқа бөлуге болады. Бірінші, бұл – «қолданыстағы әлеуетті салалар», яғни азық-түлік өнеркәсібі, мұнай-газ және пайдалы қазбаларды қайта терең өңдеу (яғни, металлургия, химия және мұнай-химия) және машина жасау сияқты салалар. Екінші топ, бұл – «перспективалы салалар», яғни АКТ, туризм және қаржы», - деп нақтылады ведомство басшысы.

ҚР ИДМ басшысы атап өткендей, екінші топ ұзақ мерзімді келешекте инвесторларды қызықтыруы мүмкін салалардан тұрады.

«Жалпы, стратегияны іске асыру инвестиция саласын түбегейлі реформалауға, инвестиция ағынының өсіміне қол жеткізуге және ел экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, министр соңғы жылдары мемлекеттік жеке-меншік серіктестік тетігі ТШИ тарту үшін әлемдегі тиімді құралдардың біріне айналғанын мәлім етті. Сондықтан, Стратегияда МЖС экономикаға ТШИ тартудың негізгі құралдардың бірі болып анықталды.

Стратегия шеңберінде жаңа инвесторларды ғана емес, сонымен қатар, жұмыс істейтін инвесторларды ұстап қалу және қайта инвестициялауды ынталандыруға айрықша назар аударылатын болады.

«Ұлттық стратегияда инвестициялар тарту үшін басым елдер анықталған. Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз басымдық беретін елдер. Әр осы басымдық берілетін елдермен жұмыс істеу үшін СІМ-мен бірлесіп нақты іс-қимыл жоспары әзірленетін болады. Осылайша, Ұлттық стратегия шеңберінде нақты салалық және елдік басымдықтар анықталды және осы бағытта қолдағы қорларды шоғырландыру жөн деп санаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, ол мақсаттарға жету үшін Стратегия шеңберінде жұмыс екі негізгі бағыт бойынша жүргізілетінін қосты: Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту және тиімді операциялық шараларды іске асыру және инвестицияларды тартудың жаңа тәсілдерін енгізу.

«Бірінші бағыттың шеңберінде келесі шаралар қарастырылған. Бұл – мемлекеттің инвестициялық саясат пен заңнаманың ашықтығы және болжамдылығы. Сондай-ақ, визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қарастырылады. Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі орнын көтерудің шараларын қабылдау жоспарланып отыр», - деді спикер.

Бұдан бөлек, ҚР ИДМ қорытындылағандай, инвестициялар тарту үшін халықаралық тәжірибені және басым салаларды ескере отыра, қолданыстағы инвестициялық преференциялардың және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерінің тиімділігіне сараптама жасалады.

Ақбота Күзекбай





Яндекс.Метрика