Үкімет

Е. Сағадиев: Гранттар ҰБТ-да жиналған балдар бойынша бөлінді

Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстанда гранттардың қалай бөлінетіні жайында айтып берді.
Нұр-Сұлтан 15 Тамыз, 11:34

«Жоғары оқу орындарына қабылдау ережелеріне, халықты толғандыратын мәселелерге бөлек тоқталып өткім келеді. Биыл оны талқылап, шешу керек. Біріншісі – гранттарды мамандықтар бойынша бөлу. Біз гранттарды экономиканың басым салалары бойынша бөлеміз. Мысалы, есептеу техникасына 610, құқықтануға 45, жалпы медицинаға - 2500 және стоматологияға 45 грант бөлеміз. Осының барлығы бізде әр түрлі бағдарламаларда бекітілген. Гранттарды бөлудегі экономикалық орындылық әлеуметтік әділдік мәселелерімен кездеседі», - деді ҚР БҒМ басшысы

Е. Сағадиев атап өткендей, ата-аналар тарапынан сұрақтар жыл сайын көбейіп келеді. 

«Тақырып жаңа емес, алайда, бұл процеске жыл сайын жаңадан ата-аналар мен балалардың тартылатынын ескеру қажет. Оған қоса, басым салалар бойынша гранттар саны өте кеш жарияланады, бізде министрліктер мен әкімдіктер бойынша экономиканың қажеттіліктерін жинау мен келісу жүйесі өте үлкен. Талапкер өз мүмкіндіктерін нақты бағалауға үлгермейді, оған бейінді пәнді таңдап, дайындалу үшін уақыт қажет», - деді спикер.

Сондай-ақ, министр биылғы жылы гранттар «Алтын белгі» факторынсыз ҰБТ-да жиналған балдар бойынша бөлінгенін атап өтті.

«Министрлік бірқатар шешімдерді ұсынды, мысалы, мамандық бойынша гранттар санын үш жыл бұрын жариялау, оны үшжылдық бюджет шеңберінде орындауға болады. Екіншісі – жеңілдікті санаттар. Ауылдық квота және жетім балаларға арналған квота, «Алтын белгi», әлеуметтік әділдік мәселелері орын алуда. Биыл гранттар «Алтын белгі» факторынсыз ҰБТ-да жиналған балдар бойынша бөлінді. Келісуден кейін республикалық комиссия «Алтын белгі» иегерлері алдындағы міндеттемелерді орындау үшін гранттардың 4 пайызға жуығын қосты. Осы жылы біз заңнамалық түрде өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылы біз сондай-ақ жоо гранттары бойынша белгілердің белгілі бір санын орналастыруға мәжбүр болған едік», - деп атап өтті Е. Сағадиев.

Бұдан бұрын, білім және ғылым министрі мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтқан болатын.

Осы ретте Министрлер кабинетінің басшысы әкімдерге 1 қыркүйекке дейін барлық мектептердегі тамақтану және оқулықтар мәселелерін шешуді тапсырды.

Ақбота Күзекбай

Видео Арман Мұхатов





Яндекс.Метрика