Халықаралық интеграция

Венгриялық кәсіпкерлер ОҚО-да бірлескен кәсіпорындар құруға ниетті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Венгриядан келген бір топ делегациямен кездесті, деп хабарлады өңір әкімдігі.
Южно-Казахстанская область 15 Тамыз, 11:58

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, мәдени байланыстар төңірегінде әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Сондай-ақ, өңір басшысы қонақтарға Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық даму қарқынын баяндап, шетелдік инвесторларға көрсетілетін барлық жеңілдіктерді түсіндірді.

«Оңтүстік Қазақстан облысы – аграрлық өңір. Бізде жылына 300 мың тонна мақта өндіріледі. Өңірде негізінен ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілген.  Облыс жеміс-жидек, көкөніс, бау-бақша өнімдерін өндіреді. Аумақтың индустриялық әлеуеті жыл санап жақсарып, бүгінде 11 индустриялық, 1 экономикалық арнайы аймақ жұмыс істейді. Аталған аймақтарда инфрақұрылымдық қажеттеліктер толығымен қамтамасыз етіліп, шетелдік инвесторларға барлық жеңілдіктер қарастырылған», - деді Жансейіт Түймебаев.

Ал венгрлік меймандар екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді. Келешекте мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандырып, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында тығыз жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді.

«Венгрия - Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Екі ел арасында Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесі, экономикалық ынтымақтасық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес, сондай-ақ, тікелей инвестициялар бойынша Қазақстан мен Венгрияның бірлескен қоры жұмыс істейді. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Оңтүстік Қазақстан облысында бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдер жүргізетін уақыт жетті.  Бұл қадамдар екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырары сөзсіз», - деді Венгрияның Алматыдағы бас консулы Блауманн Ференц.

Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Венгрияның сауда-саттық байланысы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 млн АҚШ долларын құрады. 

Еске сала кетейік, 2017 жылғы 28 қаңтарда өңірімізге Венгрияның сыртқы экономикалық байланыс және сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Микола Иштванаи мен Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани арнайы келген болатын. Сол кезде Шымкентте Венгрияның құрметті консулдығы ашылып, құрметті консул болып Қайрат Молдасейітов тағайындалған еді. Бүгінгі кездесудің қорытындысында қонақтар облыс басшысына Венгрияға арнайы келіп-кетуді ұсынды. 





Яндекс.Метрика