Ұлт жоспары 100 нақты қадам

Жаңа кодекс адал салық төлеушіні қорғауға бағытталатын болады – Р. Дәленов

Салық кодексінің қабылдануымен салық төлеушілер оларды тексеру азаюы үшін не істеу керектігін анық білетін болады. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Салық кодексі жобасына арналған конференция барысында мәлім етті.
Нұр-Сұлтан 15 Тамыз, 16:56

Іс-шара барысында Р. Дәленов құжаттың артықшылықтары туралы баяндады.

«Индустрияландыру және экономикалық өсім» Ұлт жоспарының маңызды бағыты болып табылады. «100 нақты қадамның» жартысы аталған бағытқа арналған. Ұлттық экономика министрлігіне 4 қадам бекітіліп берілді. 3-еуі салықтық және кедендік саясатқа және 1-еуі монополияға қарсы жұмысқа қатысты. Салықтық-бюджеттік салада үш қадам көзделген: салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру, жанама салықтар өндіру тетіктерін жетілдіру және қолданыстағы салықтық режимдерді оңтайландыру», - деді вице-министр.

Ол «Салық және кеден саясатын және ресімдерін оңтайландыру» деген 37-қадам аясында Салық және Кеден кодекстерінің жобалары әзірленгендігін атап көрсетті.

«Бүгінде өз ісін ашқысы келетін адам, салықты қалай төлейтінін білмей дал болмауы тиіс. Ол жеңіл әрі қарапайым түрде жасалуы тиіс. Сондықтан біз идеологияны өзгерту, ынталандыруды енгізу және әкімшілендіруді оңайлатуды жоспарлап отырмыз. Идеология адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталатын болады. Барлық түсініксіз жерлері мен ауытқулар салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Мұндай қағидат салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді. Егер салық төлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет еткен болса және соның салдарынан ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлды қолданбау ұсынылады», - деді Дәленов.

Оның айтуынша, жеңілдіктерді жаңғыртуға қатысты, олардың тиімділігін нақты өзгерістер арқылы арттыру ұсынылып отыр. Бұл АЭА-лардағы кірістерді бөлек есептеуге, мүліктік салықтарға, әлеуметтік салықтарға және эксаумақтық режимге қатысты. Аукциондардан алым алу және кеме жүзетін су жолдарын пайдалану төлемі жойылады. 

«Әкімшілендіруде қателіктерге жол берілмейді. Салық төлеуге көмектесу қажет. Тексерістердің бір бөлігін аутсорсингке беру қажет, бизнесті бизнес тексергені дұрыс. Қалған салықтық тексерістер үш бағытта жүргізіледі. Адал бөлікті тексермеу керек. Орта бөлікті тек ішінара тексеру қажет және салық төлеуге жәрдемдесу қажет. Ал «қызыл» аймақтағылар тексеруге алынуы тиіс. Кімнің қайда жататындығының нақты ережелерін белгілеу қажет. Сонда кәсіпкер «жасыл» аймақта болуға ұмтылатын болады. Электрондық фактураларды тапсырады, салалық жүктемелерден төмен емес салық төлейді, өз қызметінде ашық болады, – «жасыл» аймаққа қош келдік», - деді Дәленов.    

Ол Кеден кодексі жобасының өзекті тұсы кедендік реттеуге деген жаңа көзқарас болып табылатынын баяндады. Бұл ретте, қағазға қарағанда электрониканың басым екендігі анықталып отыр. Енді СЭҚ растаушы құжаттарды қоса бермей-ақ, декларацияны кеден органдарының ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан бере алады.

«Салық кодексінің қабылдануымен бірге салықтық тексерулер жеңілдейді. Салық төлеушілер оларды тексеру азаюы үшін не істеу қажет екенін анық білетін болады. Шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарады. Әкімшілендіру идеологиясы өзгереді, салық төлеушінің кінәсіздік презумпциясы қағидаты енгізілетін болады, бұл салық дауларын басқаша қарастыруға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.





Яндекс.Метрика