Үкімет

Қазақстан мен Беларусь Үкіметі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Андрей Кобяковпен кездесу өткізді. Кездесу барысында ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Нұр-Сұлтан 13 Тамыз, 14:31

Primeminister.kz  хабарлағандай,  кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту бойынша 2017-2018 жылдарға арналған бірлескен шаралардың жоспарын іске асыру барысы талқыланды.  

Бақытжан Сағынтаев Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы ілерілей отырып, дамып жатқанын атап өтті. Өз кезегінде Андрей Кобяков Қазақстанның сауда айналымы көлемі бойынша Беларусьтің негізгі серіктестерінің қатарында екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, екі тарап Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясы қызметіне қатысты мәселелерді қарады және биыл Қазақстанда қыркүйек айында өтетін комиссияның кезекті 13-отырысын талқылады.

Бұдан өзге, биыл мамыр айында Қазан қаласында ТМД елдерінің үкімет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған, «Қазақстандық Тоқамақ» базасындағы тәжірибелік кешенді бірлесіп пайдалану туралы келісімнің іске асырылу жағдайы талқыланды.

Тараптар, сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ аясында өзара іс-қимыл жасасу мәселелеріне назар аударды. Өнеркәсіптік салада, көлік және коммуникациялар, сондай-ақ ғарыш саласында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.  

Сондай-ақ, Қазақстан мен Беларусь Үкіметтерінің арасындағы рәсім кезінде бейбіт мақсаттарда ғарыш кеңістігін зерттеу мен пайдалану саласында ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойылды.

Бұдан өзге, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Беларусь Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.  

Қазақстандық «Хабар» агенттігі мен беларусьтік «Белтелерадиокомпаниясы» арасында жеке келісімге қол қойылды.

ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов, БР Ұлттық ғылым академиясының төралқа төрағасы В. Гусаков, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы А. Еренов, Беларусь Сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы В. Улахович, «Хабар» агенттігінің басқарма төрайымы А. Ахметжанова мен «Белтелерадиокомпания» төрағасы Г. Давыдько келісімдерге қол қойды.

Айта кетейік,  осы жылы Қазақстан мен Беларусь арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толады. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясы 1996 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымы 2017 жылғы қаңтар-мамыр аралығында 207,8 млн долларды құраған, бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 73%-ға ұлғайтылған.

 





Яндекс.Метрика