Адами капитал

Ұлттық музейде К.Күйіковтың «Радиация» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қазақстандық суретші Кәріпбек Күйіковтың «Радиация» атты көрмесі ашылды. Ол – әлемдегі антиядролық қозғалыстың белсендісі, Қазақстанның бастамашылығымен құрылған халықаралық «Атом» жобасының құрметті елшісі.
Нұр-Сұлтан 12 Тамыз, 12:01

Көрмені Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрілігі Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастырған.

Қарағандылық суретші  Кәріпбек Күйіков Қазақстандағы антиядролық ұстанымын насихаттап, бүкіл әлемге ерекше талантымен танылған тұлға. Ол Қарағанды облысындағы Семей ядролық полигонынан зардап шеккен Егіндібұлақ ауылында дүниеге келді. Сол себепті қолы жоқ боп туған. Оның сурет салуы да өзгеше. Өз туындыларын қылқаламды тісімен тістеп, кейде аяғының башпайлары арқылы бейнелейді. «Ғажайып талант иесінің тағдырлы туындылары осымен үшінші мәрте Ұлттық музей төріне қойылып отыр. Бұл шығармалар әрбір қазақ азаматын ізгі ойға жетелейді деген үміттеміз. Өмірін өнерге айналдырған Кәріпбек Күйіков секілді күрескер тұлғаның туындылары жүрек тебірентпей қоймасы анық Тіпті, барша адамзатты бейбіт өмірге, достық-татулыққа шақырары сөзсіз. Мен өз атымнан, барша музей қонақтары атынан суретшіге алғыс айтқым келеді», –  деп лебізін білдірді ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Жәкен Таймағамбетов.

Кәріпбек Күйіков Америка, Жапония, Германияның жеке және мемлекеттік коллекцияларына қойылған. Оның көрмелері Жапонияда, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай және Қазақстанда ұйымдастырылды. Кәріпбектің көркем туындыларының басты тақырыбы ядролық қарудың адамзатқа келтірер қатерімен байланысты.

 «Бүгінгі көрме ядролық қарудың қасіреті мен одан бас тарту және ядролық қарусыз бейбіт өмір орнату жолындағы жетістіктерге арналды. Автордың туындылары шет мемлекеттерге де таныстырылған. К. Күйіковтың шығармаларын халық жылы қабылдап, суретшінің еңбектері арқылы атом бомбасының зардабын түсінген. Тіпті, неліктен ядролық қарудан ең бірінші болып Қазақстанның  бас тартқанын ұғынды. Қазіргі қоғам зардабы бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан сол қасіретті білу, түсіну үшін  К. Күйіковтың туындыларын қайта-қайта тамашаласа да, артық болмайды», –  деді өз сөзінде     ҚР Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко.

Қазақтан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық самитте АҚШ Президенті Барак Обамамен кездескен кезінде оған  К. Күйіковтың «Жарылыс» деген картинасын сыйға тартқан болатын.  

Көрменің ашылу салтанатына еліміздің танымал саясат және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрілігінің, халықаралық  «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының өкілдері қатысты.  

 





Яндекс.Метрика