Астанада "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында меценаттар клубы ашылды

9 Тамыз, 2017 17:47
Астанада меценаттар клубы ашылды, оған елорданың 57 ірі кәсіпкерлері енді. Олар қаланың ірі инфрақұрылымдық жобаларымен айналысатын болады. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев әкімдікте өткен "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі сараптамалық топ отырысында хабарлады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар екені белгілі: «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім» және «Ақпарат толқыны». Мысалы, әкімнің орынбасары атап өткендей, «Атамекен» бағыты бойынша 100-ге жуық іс-шара көзделген.

«Бұл "Жергілікті бастамалар картасы", онда қоғамдық бастамалар, ізгілік  және қайырымдылық акциялары бойынша іс-шаралар көзделген. Осыған байланысты, Астана қаласында Меценаттар клубы ашылып, оған қаланың 57 ірі кәсіпкері енді, оларға ірі инфрақұрылымдық жобалар, мектептер мен балабақшалардың құрылысы, аула, футбол алаңдарын абаттандыру, мектептерді, балабақшаларды және медициналық ұйымдарды жабдықпен жарақтандыру ұсынылды», - деп хабарлады Ермек Аманшаев.

Сондай-ақ, ол мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде балабақшалар, триатлон-парк салынатынын да айтты.

«Сондай-ақ, ірі желілерде, қала кәсіпорындарында мұқтаж адамдарды, жағдайы төмен отбасыларды тегін негізде азық-түлікпен қамтамасыз ету жөніндегі әлеуметтік акция өз жалғасын табуда. 10 тамыздан бастап ірі сауда орталықтарында жағдайы төмен отбасылар, жетім балалар үшін киім жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылады», - деп атап өтті әкім орынбасары.

Сонымен қатар, Астананың автоклубтар альянсы Астана қаласының аумағында және қала маңы аймағында жүйелі негізде "Туған мекен" экологиялық акциясын өткізуде. Жастар ұйымдары қарт адамдар мен ардагерлердің пәтерлері мен аулаларын жинау бойынша «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізіп тұрады.

«Елбасы өз мақаласында қазіргі замандағы бәсекеге қабілеттілік туралы ерекше атап өткен болатын. Әлем бізді ресурстар және мұнай жағынан ғана емес, біздің мәдени жетістіктеріміз бойынша да білуі керек. Осыған байланысты, жақын арада «Елорда мәдениеті» бағдарламасы қабылданбақ, онда Астанадағы мәдениет пен өнерді дамыту бағдарламалары, елорданың мәдени брендтерінің одан әрі ілгерілеуі және жаңа үрдістер көрініс табады», - деп түсіндірді Е. Аманшаев.

 

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар