• Главная
  • ЭКСПО көрмесінде Чехия павильонының идеялары сатып алына бастады (ВИДЕО)
8 августа, 2017 15:34

ЭКСПО көрмесінде Чехия павильонының идеялары сатып алына бастады (ВИДЕО)

Чехияның жобалары ерекше тапқыштығымен ерекшеленеді, энергетика және энергия өндірісі саласындағы чехиялық өнімнің, жобалар мен шешімдердің үлкен қосылған құны осының нәтижесі болып табылады. Тапқырлық пен өнертапқыштықты үйлестіретін чехиялық бейімділік Чехияда шығарылған өнімнен және чехиялық инженерлердің шығармашылық шешімдерінен көрініс табады. Негізгі идеялардың бірі – электр турбинасы, Чехия павильонының комиссары Ян Крстың айтуынша, оны Қырғызстандағы әріптестер сатып алған.
ЭКСПО көрмесінде Чехия павильонының идеялары сатып алына бастады (ВИДЕО)

«Чехияның павильоны екі бөліктен тұрады. Бірінші қабат ғылыми-техникалық әзірлемелерге арналса, екінші қабат көбінесе балаларға, олардың энергияны әзірлеу қағидаттарымен және әр түрлі құрылғылардың қалай жұмыс істейтінімен танысуына арналған», - деп түсіндірді Я. Крс.

Сондай-ақ, комиссар бірегей идеяларды, жобаларды, патенттерді, бұйымдарды, чехиялық компаниялардың өнімдерін және Чехия ғалымдарының жетістіктерін көрсететін объектілер туралы айтып берді.

«Біріншісі - бұл баяу пиролизде жұмыс істейтін электр станциясы. Сондай-ақ, сифон қағидаты бойынша жұмыс істейтін электр турбинасы бар, оны орнатуда қиындықтар туындамайды. Технологиялардың тағы біреуі - қарапайым электр велосипеді, ол жиналатындықтан өте қолайлы. Сонымен қатар автоматтандырылған жүйе есебінен жұмыс істейтін "ақылды" үй макеті ұсынылады, энергия ресурстарын пайдалануды оңтайландыру арқылы үй суды, электр қуатын және жылуды үнемдеуге көмектеседі. Сондай-ақ, мұнда мамандар ғана емес, сонымен қатар Праганың өнер университетінің студенттері де әзірлеген автобус макеті ұсынылған. Оның моделі нақты автобустың негізінде құрастырылған. Ол тез зарядталатын техникалық блоктар, батареялар және электр қозғалтқышы есебінен жұмыс істейді. Автобустың өзі интерактивті, оны әзірлеу кезінде пилотсыз жүйе пайдаланылған», - деді комиссар.

Сондай-ақ, ол павильонның барлық келушілерін қызықтыратын объектілер туралы айтып берді, бұл - электр қозғалтқышы бар ұшақ және ұшатын электро-велосипед.

«Ұшақ қалыпты жұмыс істейді, заряды шамамен 1 сағатқа жетеді. Ол сынақтан өткізілген және өндіріске қосылып, экспортталуда. Қуаттылығы 75 киловатт қозғалтқышпен және композиттік пропеллермен жабдықталған. Қуаттылығы электронды басқару блогы есебінен реттеледі, ол аккумуляторларда жинақталған энергияның оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бұл технология қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді және, ең бастысы, қоршаған ортаның ластануын едәуір төмендетеді. Ұшатын электро-велосипед коммерциялық мақсатта жасалмаған, әзірше оның бір ғана данасы бар. Көлік бес пропеллермен жабдықталған. Ауада 5-7 минут тұрады», - деп түсіндірді Я. Крс.

Сондай-ақ, комиссар Қырғызстандағы әріптестер Чехия павильонындағы объектілердің біреуін сатып алғанын хабарлады.   

«Экспо - пікір алмасу және елдің жетістіктері мен инновацияларын көрсету алаңы. Мұнда бірқатар келіссөздер орын алды және электр турбинасы Қырғызстанға сатылып та үлгерді. Біздің осы жерде көрсетіп отырған әлеуетіміз айтарлықтай үлкен. Қазақстандық компаниялар одан әрі ынтымақтастық жасауға ниетті. ҚР Энергетика министрлігі бізге екі жоба бойынша өтініш білдірді. Біз одан әрі ынтымақтастық жасайтынымызға сенеміз», - деп хабарлады Я. Крс.

Қайрат Жандыбаев

Видео Арман Мұхатов