Қазақстанда бірінші жарты жылдықта 170 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

8 Тамыз, 2017 12:14
Қазақстанда бірінші жарты жылдықта 170 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Өзге өңірлермен салыстырғанда жұмыспен қамту Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстарында төмен деңгейде болып отыр. Бұл туралы Үкіметте ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов 2017 жылдың 7 айындағы өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы есебінде айтты.

Вице-министр айтып өткендей, Үкімет өткізіп отырған  шара   экономиканы дамыту мен  еңбек нарығының  тұрақтылығын  қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың  осы уақытымен салыстырғанда  жұмыссыздық деңгейі  5,1 пайыздан  4,9 пайызға дейін төмендеді.

«Өз кезегінде  жұмыспен  қамтылғандар саны  0,8  пайызға, жалдамалы жұмыскерлер саны  1,5 пайызға артты.   Жергілікті органдардың ресми  ақпаратына сәйкес, елде бірінші жарты жылдықта  170 мың  206 жаңа жұмыс орны ашылды.  Өзге елдермен салыстырғанда  Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстарында  төмен деңгейде болып отыр.  Көрсетілген санның  69,5 пайызы бойынша    тұрақты  жұмыс орны құрылды.  Ал, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды облыстарында  тұрақты жұмыс орнының саны  50 пайызға  жетпей отыр», - деді Біржан Нұрымбетов.

Нәтижелі жұмыспен қамту  және бұқаралық кәсіпкерлік  бағдарламасы бойынша  Үкімет үш басты бағытты анықтады. Біріншісі, жұмыссыз және тиімсіз  өзін-өзі  жұмыспен қамтыған  халықты оқыту. Екінші,  кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, үшіншіден, жұмыспен қамту механизмдерін жетілдіру.

 «Барлығы Бағдарлама аясында 2017 жылға 85,3 млрд теңге қарастырылған.Бағдарламаның алғашқы бағытында техникалық-кәсіби біліммен және қысқа мерзімдегі кәсіби оқумен қамтамасыз ету көзделген.21 мыңға жуық жас толқын өкілі Бағдарлама есебінен 2,5 жылға, оқуын және шәкіртақысын төлей отырып, сондай-ақ, жол шығынын өтеу, біржолғы ыстық тамақпен қамтамасыз ету арқылы техникалық-кәсіби оқуға жолданады.Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар тұрғысында жұмысшы кадрларды кәсіби оқыту басталды. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді курстарға 27,7 мың адам жіберілген.Министрлік пен «Атамекен» ҰКП арасында өзара ынтымақтастық пен әрекеттесу жайлы меморандумға қол қойылған. Қазіргі кезде «Атамекен» ҰКП тізіліміне 39 кәсіпорын енген», - деді вице-министр.

Спикер айтып өткендей, маусым айында еңбек және әлеуметтік даму министрлігі  «Атамекен» ҰКП-мен бірігіп, бірқатар түзетулер енгізді. Оқыту орталықтары арқылы қысқа оқыту курстары ұйымдастырылды.

«Оқытудың бұл түрі  олардың жұмысқа орналасуын одан әрі қамтамасыз етеді. ҰКП-мен меморандумға қол қойылып, қажетті өзгертулерді енгіздік.  Жыл соңына дейін қысқа мерзімді курстарда  70 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Өңірлер бойынша оқыту жылдамдығы әртүрлі, мәселен Алматыда жоспарланған адамдардың  10 пайызы ғана оқытумен қамтылған, ал Ақтөбеде – 18 пайыз, СҚО, Ақмола облыстарында 20 пайызды құрап отыр», - деді вице-министр.

Бағдарламаның екінші бағыты аясында халықты «Бизнес-Бастау» арқылы кәсіпкерлік негізіне  оқыту басталды.

Біржан Нұрымбетов ақпараттандырғандай,  бүгінде  7834 адам оқытумен қамтылды, оның  ішінде   5707 адамы қажетті сертификатқа ие болды.

Бағдарлама несиелендіруге  37 млрд теңге бөлді – 27 млрд теңгесі  ауылдық жерлерге,  АШМ арқылы шағын қалаларға,  10 млрд теңгесі ҰЭМ арқылы қалалар үшін бөлінді.

«Ауылдық жерді шағын несиелеу үшін  Ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен  Аграрлық несиелік корпорация тартылды.  Өкінішке қарай, бұл орайда бұқаралық кәсіпкерлікке қолдаудың жетіспеушілігі туып отыр. 1 тамыз жағдайы бойынша  3102 шағын несие бөлінді. Өңірлер қажетті жылдамдықты әлі таңдамады, мәселен, ШҚО-да  506 адамның ішінен  32 адам несиеге ие болды», - деді Б.Нұрымбетов.

Бағдарламаның үшінші бағыты  жұмыспен қамтуда  атаулы көмекті қарастырады, еңбек нарығының  инфрақұрылымын  дамыту және еңбек ресурстарының мобильділігін арттыру.

Айта кетейік, 1 тамыздағы жағдай бойынша бағдарлама  276,2 мың адам қатысуға өтініш білдірді,  оның  248,4 мыңы  қатысушылар қатарына қосылды.  Қатысушылар тізіміне енгендер ішінде 200 мыңы жұмыссыздар,  өзін-өзі қамтығандар  48,4 мыңды құрап отыр.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар