• Басты
  • Атаулы әлеуметтік көмек аясында шартсыз қаржылай көмекті кім алады

Атаулы әлеуметтік көмек аясында шартсыз қаржылай көмекті кім алады

7 Тамыз, 2017 17:06
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілген. Осы ретте, қандай отбасылар шартсыз қаржылай көмекті алатыны туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова ОКҚ-дағы баспасөз конференциясында хабарлады.

«Шартсыз көрсетілетін атаулы – әлеуметтік көмек шартсыз қаржылай көмек деп аталады. Ол отбасында еңбекке жарамды адам болмаған отбасылардың барлығына беріледі. Мәселен, жалғыз басты аналар, олар балаларын отбасылық жағдайға байланысты табыс табуға ешқандай мүмкіндігі болмағандықтан қарап отырған адамдар немесе баласының жасы әлі 3 жасқа толмағандар немесе ол мүгедек сондықтан анасы ешқайда шықпастан соны тәрбиелеп, күтіп отыр», - деді С. Жақыпова.

Жалпы, 2018 жылдың 1 қаңтарынан, Елбасының Ұлт жоспары аясындағы тапсырмасына сай, Қазақстан атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа сипатына көшеді.

Осы ретте, спикердің айтуынша барлық еңбекке жарамсыз, мемлекет қолдауына мұқтаж азаматтардың барлығы 2018 жылдың 1 қаңтарынан сомасы көбейген жәрдемақы алатыны жоспарлануда.

«Еңбекке қабілетті азаматтарға әлеуметтік қолдаудың 2 пакеті қамтамасыз етіледі – бұл атаулы әлеуметтік көмек және жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу талабымен мемлекет есебінен оқу, шағын несие алу, еңбек ресурстары тапшы өңірлерге қоныс аудары мүмкіндігі»,  деді вице министр.

Министрдің орынбасары атап өткендей, осылайша, жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу арқылы, әлеуметтік жәрдемді алушылардың жауапкершілігі күшейіп, жұмыс іздеу мен өзін қамтудағы ынтасы жоғарылайды.

«Сондай-ақ, аз қамтылған азаматтардың ел экономикасы мен қоғам өмірін жақсартуға атсалысуы ширамақ. Нәтижесінде бұның бәрі азаматтардың тұрмыс-тіршілігін көркейтуге септігін тигізетіні көзделуде», - деп түйіндеді С. Жақыпова.

Естеріңізге сала кетейік, 26 шілдеде ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті азаматтардың қандай санаты алатындығы туралы Еңбек және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтып берді.

Барлық жаңалықтар