• Басты
  • Қазақстанда Ғарыштағы гамма-жарқылдарды зерттеуге арналған бірегей телескоп салынбақ

Қазақстанда Ғарыштағы гамма-жарқылдарды зерттеуге арналған бірегей телескоп салынбақ

7 Тамыз, 2017 12:31
Қазақстанда Ғарыштағы жоғары энергетикалық жарқылдарды зерттейтін телескоп және зертхана салынады. Бұл туралы Назарбаев Университетінде «ECL17: Exploring the energic Universe 2017» энергетикалық ғарыш зертханасы бірінші халықаралық конференциясы аясында белгілі болды.

Ғалым, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смуттың жоспары бойынша, телескоп келесі жылдың басында орнатылады.

Назарбаев Университетінің жанындағы Энергетикалық ғарыш зертханасының ғылыми қызметкері Михаил Дессеня журналистерге бұл телескоптың қандай мақсатта салынатыны жайында айтып берді. 

«Әзірше тестілік жұмыстар жүріп жатыр, телескопта оптикалық камералар орнатылады. Телескоп Ғарыштағы жоғары энергетикалық жарқылдарды бақылау үшін қолданылады, бұл гамма-жарқылдар және басқа да көздер. Ол Алматының оңтүстік-шығысына қарай 76 км жерде орнатылады. Бұл орын Ғарышты бақылау үшін бұрыннан бері пайдаланылып келеді. Сол жерде жеке телескоп орнатылып, бірнеше жоба іске асырылады. Атап айтқанда, бұл аспандағы өте қысқа жарқылдарды бақылау және әр түрлі сипаттағы оқиғаларды сәйкестендіру», - деп атап өтті М. Дессеня.

Сонымен қатар, ғалым ақпараттандырғандай, телескопты басқа да мақсаттарда пайдалануға болады.  

«Бұл болашағы бар жобалардың бірі деп ойлаймын. Сондай-ақ басқа да әлемдік институттармен ынтымақтастық жасаймыз. Телескопты басқа да мақсаттарда пайдалануға болады. Бұл үздік телескоптардың бірі болады», - деп түсіндірді спикер.

Айта кетейік, Қазақстан Орталық Азияда осы жабдықты орнататын алғашқы елдердің бірі болмақ.

«Бұл жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Болашақта, телескоп орнатылған кезде ол басқа да мүдделі адамдардың назарын аудартады. Мұндай телескоптар әлемде көп емес, біздің телескоп жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес салынатын болады», - деп түйіндеді ол

Жоба жетекшісі – қазақстандық ғалым-профессор Қанат Байкарин (Назарбаев Университеті)  және физикадан Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут (Калифорния).

Джордж Смут телескоптың бағасы жарты миллион долларға жуық болатынын атап өтті.  

Еске сала кетейік, бүгін «ECL17: Exploring the energic Universe 2017» энергетикалық ғарыш зертханасының бірінші халықаралық конференциясы ашылған болатын. Бұл конференция космология және астрофизика саласындағы мамандардың ғылыми өзара іс-қимылын талқылауға бағытталған.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар