• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда барлық полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етіледі (ВИДЕО)

Қазақстанда барлық полиция қызметкерлері бейнетіркеуіштермен қамтамасыз етіледі (ВИДЕО)

4 Тамыз, 2017 17:07
Қазақстанда әкімдердің көмегімен жол-патрульдік полиция бөлімшелері үшін 10,7 мыңнан астам бейнетіркеуіш сатып алынды. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев ҚР Үкіметінде «100 нақты қадам» ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз ету» атты екінші институционалдық реформасын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Ұлт жоспарының 30-қадамын іске асыру аясында ІІМ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң әзірледі. ЖПҚ негізгі міндеттеріқоғамдық тәртіпті сақтау, көшедегі және тұрмыстық қылмысқа қарсы күрес, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, яғни оған жергілікті маңызы бар міндеттер жүктелген», - деді Е. Тұрғымбаев.

Министрдің орынбасары әкімнің ЖПҚ жұмысы мәселелеріне қатысты құзыреті заңнама түрінде кеңейтілгенін қосты.

«Әкімге депутаттардың келісімімен ЖПҚ басшыларын тағайындау және босатуды жүзеге асыру құқығы берілді. Сондай-ақ, ЖПҚ алдына қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету және олардың орындалуын талап ету міндеттері қойылды», - деп атап өтті ол.

Е. Тұрғымбаев хабарлағандай, әкімдердің көмегімен жол-патрульдік полиция бөлімшелері үшін 10,7 мыңнан астам бейнетіркеуіш сатып алынған. Ағымдағы жылы тағы 2,9 мыңнан астам бейнетіркеуіш сатып алу жоспарланып отыр.

«Жұмыста бейнетіркеуіштерді қолдану оң нәтижелерін көрсете бастады. Мысалы, ағымдағы жылдың басынан бері республикада патрульдік автокөліктерде орнатылған бейнетіркеуіштердің көмегімен 100 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген, олар бойынша жазбалар соттарда дәлелдеу базасы ретінде қолданылады. Жыл соңына дейін біз жол-патрульдік полиция қызметін бейнетіркеуіштермен 100% қамтамасыз етпекпіз», - деп мәлімдеді Е. Тұрғымбаев.

Сондай-ақ, ол биыл жол полициясы желісі бойынша миллионға жуық хаттама құрастырылғанын хабарлады.

«Әрине, полиция қызметкері әрекеттерінің заңдылығына қатысты сұрақтар әрбір жүргізушіде туындайды. Сондықтан, бейнетіркеуіш – бұл полиция қызметкерінің де және жүргізушінің өзінің де әрекеттерін тіркейтін техникалық құрал», - деп атап өтті Е. Тұрғымбаев.

Сондай-ақ, ол бейнетіркеуіштер полиция қызметкерінің бір күн ішіндегі барлық әрекеттерін тіркейтінін айтты.

«Тіркеуіштен бейнежазбаны жүктеп алуды материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін жауапты адам жүргізеді. Егер жүргізуші полиция қызметкерінің әрекетіне шағымданса, біз оны тексере аламыз», - деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, ол «Жол қозғалысы туралы» заңдағы жаңа өзгерістер мен толықтырулар жүргізушіге даулы жағдайларда немесе полиция қызметкерінің әрекеттерімен келіспеген жағдайда бейнетүсірілім жүргізуге құқық беретінін мәлім етті.

«Полиция қызметкерінің әрекетімен келіспеу – кез келген жүргізушінің құқығы. Осылайша, біз полиция қызметкерлері тарапынан теріс пайдаланушылыққа жол бермеуге тырысамыз. Егер автокөлік жүргізушісі құқық бұзушылық жасаса, ол әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс», - деп қорытындылады Е. Тұрғымбаев.

Қайрат Жандыбаев

Видео Арман Мұхатов

Барлық жаңалықтар