Қазақстанда оқу орындарына 38 мың грант бөлінді

4 Тамыз, 2017 12:13
Білім беру грантын тағайындау бойынша республикалық байқау комиссиясы өз жұмысын бастады, деп хабарлады ҚР БҒМ.

Ағымдағы жылы оқу орындарына талапкерлер үшін 38 мың грант бөлінді. Комиссия құрамына меморгандардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және жоғарғы оқу орындарының ректорлары енді.  

Байқау комиссиясының отырысында Қазақстандағы оқу орындарына қабылдауға даярлық бойынша қыруар шаруа атқарылады.  

Жыл бойы министрлік студенттік құрамды жасақтау және іріктеу бойынша бірқатар шараларды қабылдады.

Ағымдағы жылы жоғарғы оқу орындарына білім беру гранты  37 932-ге дейін ұлғайтылды. Оның ішінде 35 082-і грант 1 курсқа, 2 850 орын оқу орындарының дайындық бөліміне қарастырылды.

Көрсетілген басымдылықтар бойынша 13 670 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға бөлінген, 8 235 грант – педагогикалық мамандықтарға, 2 682 грант – ауыл шаруашылығы және ветеринарлық мамандықтарға,  3150 грант – медициналық мамандықтарға және т.б. қарастырылған.    

Осы ретте, мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша оқу орындар тізімі кеңейтілді.

Атап өтер болсақ, білім гранттарын тағайындау бойынша байқауға 63169 адам қатысуда, оның ішінде  49858 адам - қазақ тілді білім беруге, 13311 адам - орыс тілді білім беруге.

Ал, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы аясында жеңілдік квотасын алуға 9148 адам қатысуда. 

Барлық жаңалықтар