• Басты
  • Жаңалықтар
  • ӘМСҚ қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қаншалықты тиімді қамтамасыз етеді

ӘМСҚ қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қаншалықты тиімді қамтамасыз етеді

3 Тамыз, 2017 15:12
Қаржылық есептілік стандарттары және тәуелсіз аудит азаматтарға қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша ғана пайдаланылатынына сенімді болуға мүмкіндік береді, деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы 1 тамызда Үкімет отырысынан тыс.

Елена Бахмутова атап өткендей, жоспарлау кезінде Қорда бюджетті болжау кезінде қалыптастырылатын құралдар пайдаланылады. Мемлекеттен түсетін жарна көлемі бюджеттік комиссия шеңберінде болжанады. 

«Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі жоспарлау мен есеп берудің бұрынғы механизмдері бойынша жүреді. Медициналық сақтандыруға келетін болсақ, таза ақшалай ағым орталықтандырылған болады. Медициналық ұйымдар жасалған шарттар бойынша ақшаны өз шоттарына Ұлттық банктен алатын болады», - деді Е. Бахмутова.

Есептілікке келсек, Қор оны активтер бойынша және өз қаражаты бойынша жеке қалыптастыруға міндетті.

«Есептілік халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес құрастырылуы тиіс және оған тәуелсіз аудиторлық ұйымдар аудит жүргізеді. Заңнама бойынша бұл коммерциялық құпия емес және қаржылық есептілік депозитарийінде де және сайтта да  жариялануы тиіс», - деп ақпараттандырды Қор басшысы.

Басқарма төрағасы түсіндіріп өткендей, мұндай статистикалық есептер медициналық көмек көрсету бойынша толық шығыстарға қатысты болады.   

«Облыстар бөлінісінде көмек түрлері бойынша анағұрлым толық ақпарат Денсаулық сақтау министрлігіне және кейіннен статистика органдарына беріледі», - деп атап өтті ол.

Бұдан бөлек, жақын арада Қор Консультациялық-қоғамдық кеңес құрады, онда барлық мәселелер ашық қаралатын болады.  

«Ашықтық жайында айтатын болсақ, жуық арада Қоғамдық кеңес құрылады. Онда барлық мәселелер қаралатын болады. Мұндай кеңесті біз қыркүйек айында құрмақпыз және қыркүйек айының соңына дейін ол толық жұмыс істей бастайды деп ойлаймын», - деді Елена Бахмутова.

Қордың басқарма төрағасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті де Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тексеруді  кез келген уақытта жүзеге асыра алатынын айтты.

«Корпоративтік басқару жүйесі қаражаттың бақылануын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары және тәуелсіз аудит азаматтарға қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша ғана пайдаланылатынына сенімді болуға мүмкіндік береді. Тексеруге келетін болсақ, Есеп комитеті қажет болған жағдайда барлық бастапқы құжаттарды алып тексере алады», - деп мәлім етті Е. Бахмутова.

Еске сала кетейік, сейсенбі күні Үкімет отырысында Елена Бахмутова 2017 жылғы шілдеде МӘМС бойынша төлемдер 800 млн теңгеге жуық қаражатты құрағанын хабарлаған болатын. Осы ретте ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығындағы аванстық төлемдер 44% құрайды.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар