• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақтауда кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Ақтауда кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

2 Тамыз, 2017 13:31
Ақтауда көлік прокурорларының халықаралық конференциясы өтті. Іс-шара барысында Каспийде авариялық-құтқару қызметін құру қажеттігі атап өтілді.

«Теңіз көлігі саласын одан әрі дамыту және Каспий теңізіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру» тақырыбына өткен халықаралық дөңгелек үстел жұмысына бас көлік прокуроры Марат Әлиханов және Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. Отырыс барысында кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экология, мемлекеттік бақылау, отандық флотты қолдау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Каспийде авариялық-құтқару қызметін құру, Кеден одағының Техникалық регламентінде «шағын көлемді коммерциялық кеме» түсінігін нақтылау, жер қойнауын пайдалану туралы заңнаманы түзету қажеттігі атап өтілді.

Әкімдіктен хабарлағандай, форум қорытындылары бойынша теңіз көлігі саласындағы негізгі проблемаларды шешу бойынша бірлескен шаралар әзірленді. 

Сондай-ақ, дөңгелек үстел жұмысына ҚР инвестициялар және даму, білім және ғылым министрліктерінің, ҰҚК шекара қызметінің, Ресей мен Әзірбайжанның прокуратура органдарының өкілдері, теңіз көлігі саласындағы компания басшылары қатысты.

Барлық жаңалықтар