• Басты
  • 100 жаңа есім: Абылай Тілепбергенов
1 Тамыз, 2017 16:49

100 жаңа есім: Абылай Тілепбергенов

Абылай Жанболатұлы, 1990 жылы 17 наурызда Маңғыстау облысында дүниеге келген.
100 жаңа есім: Абылай Тілепбергенов

El.kz  хабарлағандай,  2014 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ  ұлттық консерваториясын бітірген.

Концерттік сапарлармен Қазақстанның көптеген қалаларында және шет елдерде: Германия, Чехия, Англия, Швейцария, Италия, Ливан, Иордания, Біріккен Араб әмірліктері және ТМД елдерінде болып, өнер көрсеткен. Бірнеше республикалық және халықаралық  конкурстардың  лауреаты.

Ақтау қаласындағы Маңғыстау өнер колледжі аймақтың мәдени өмірінің мәйегіне айналып отыр. Оқу орнын бітірген көптеген жастар республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп, мәдениет саласының белгілі шеберлері атануда. Бұл киелі шаңырақтың табалдырығын аттаған жас өрендердің өмірі өнермен тікелей қабысып, өрелі биіктерден көрініп жатады.

Абылай Тілепбергенов алғашында осы өнер колледжі жанындағы балалар студиясында жеті жасынан бастап, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Құрметті профессоры», республикаға белгілі күйші Роза Айдарбаеваның домбыра сыныбы бойынша дәріс алды. Қазіргі  таңда Құрманғазы атындағы Қазақ  ұлттық  консерваториясының  домбыра кафедрасында шәкірт тәрбиелеп, студенттік оркестрдің бас дирижері қызметінде жұмыс істейді. 

Абылай 2007 жылы 9-сыныпты бітіре сала, Маңғыстау өнер колледжінің халық аспаптар бөліміне келгенде, алғашқы тәлімгері Роза апайының тобына түсті.

Абылай бірден-ақ ұстаздарының назарын аударды. Себебі жас өрен зейін-зеректігімен де, домбыраға құмарлығымен де, айналасына жұғымды мінезімен де ерекшелене берді. Не күй үйретсе, соны қағып алады және айнытпай, бұзбай тартады. Қағысы қиын, иірімі күрделі, мазмұны терең Маңғыстау күйлерін он алты жасар бозбала түгілі, «мен күйшімін» деп жүргендердің өздері тартқанда, кейде шығарманың шырқау биігіне «шыға алмай» саусақтары сыр беріп жатады. Ал Абылайдың басбармағы да, балаңүйрегі де, яғни он саусағы түгел ойнап тұр!

Күй – шертпе күй, төкпе күй, батыстың күйі, шығыстың күйі, адайдың күйі, т.с.с. болып бөлінеді. Қазақтың даласы қандай кең болса, зары да, мұңы да жетерлік. Бағзы дәуірден тін тартқан сол сарын, қилы-қилы тағдыр, жан толқынысы саз болып, қара домбыраның қос ішегінде зарлайды. Абылай сол күйлердің бәрін біледі. Әр өңірдің күйшілік дәстүріне, күйдің шығу тарихына, мазмұнына, авторына, орындау шеберлігіне үлкен мән береді. Репертуарында 100-ден астам күй, шығарма бар. Абыл, Қартбай, Есір, Құлшар, Өскенбай, Мұрат, Шамығұл, Әлқуат… Маңғыстау дүлей күйшілерінің шығармасын ол бала кезінен бойына дарытып, тұмардай жаттап алған.

Ол мектепте оқып жүргенде Алматыда өткен «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде бас жүлде, ХХХVІІ республикалық жас музыканттар байқауының бірнеше дүркін бас жүлдегері болды. Одан кейін республикада өткен дәстүрлі өнер сайысының домбыра аталымы бойынша бірнеше дүркін жеңімпазы атанды. Атап кетсек, 2006 жылы Ж.Нәжімеденов шығармашылығына арналған республикалық «Дүбірлі домбыра» конкурсында Гран-при, Мұрат Өскінбайұлы атындағы ІІ республикалық күйшілер сайысында Гран-при, 2007 жылы Есір Ашуақұлы атындағы ІІ республикалық домбырашылар конкурсында Гран-при және сол жылы республикалық тұңғыш телевизиялық «Әлем-Арт» байқауында Гран-при, 2009 жылы «Дәулескер дәстүр» атты Сержан Шәкірат орындайтын күйлердің республикалық конкурсында Гран-при, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен республикалық Музыка олимпиадасында «халық аспаптар» аталымы бойынша бас жүлде, 2012 жылы Атырау қаласында өткен Р.Ғабдиев атындағы «Күй қағаны» І республикалық фестивалінде Гран-при және Ә.Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» ІІ республикалық конкурсында Гран-при, 2012 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының лауреаты атағын жеңіп алды. Қазіргі таңда ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның халық-аспаптар бөлімінің 4-курс студенті. Сондағы ұлт-аспаптар оркестрінің белсенді мүшесі және студенттік оркестр жетекшісі. Сонымен қатар Абылай «жігітке жеті өнер де аз» деп білімін көтеру мақсатында консерваторияның дирижерлік мамандығынан да дәріс алып, сол бағытта кәсіби шеберлігін шыңдауда. 2013 жылы өткен С.Құсайынов атындағы республикалық дирижерлер конкурсында және де Н.Тілендиев атындағы «Өз елім» атты республикалық дирижерлер конкурсында ең үздік орындаушылық шеберлігі үшін бас жүлделерді иеленді

Абылай көпшіл, ақжарқын, кішіпейіл. Достарына жақсылық жасауға бейім тұрады. Ақтауға Алматы, Астана және басқа қалалардан достары келсе, Маңғыстау аңыздарын айтып, Каспий теңізіне апарып, Ақтауды аралатуға құмар. Ал жалғыз келсе, бірден өзі оқыған сүйікті Маңғыстау өнер колледжіне барады. Онда ұстаздарымен, оқып жатқан құрбыларымен кездесіп, өнер сахнасындағы жаңалықтарымен бөлісіп, білгенін оларға үйретіп, ондағы аспаптарда бір ойнамай кетпейді

Қазір консерваториядағы достары Нұржан, Ержан, Арман, Абылай төртеуі бас домбырада ойнап, оркестрмен әлемнің әйгілі қалаларына гастрольге шығып жүр. Өнер сапарымен көптеген шетелдерде – Германияның Берлин, Ганновер, Гамбург қаласында, Франция­да, Біріккен Араб Эмиратында, Иордания, Түркия, Чехия, Ливия, Ресей, Қырғызстан және басқа мемлекеттерде болды. Олар сахнаға шыққан уақытта шетелдіктер ризашылықпен қол соғып, қайта-қайта сахнаға шақырып, біраз уақытқа дейін жібермей тұрып алатын кездері де көп болады. Сондайда көк туына қарап тұрып, қара домбырасын қыса ұстап, туған елге деген мақтаныш сезімі одан сайын асқақтап кететіні бар. Сол үшін бар күшін салып, одан сайын еңбектенгісі келеді. Абылайды атаулы мереке, думанды бағдарламаларға, Астана, Алматы қалаларындағы мәдени шараларға, үкіметтік концерттерге жиі шақырады. Ал жас Абылай оған өзіне көрсетілген үлкен сенім ретінде қарайды. Абылайдың болашағы алда, оның әлі де өнер көгінде жарқырай түсетініне сенеміз

Таяуда өнерлі өрен Абылайхан Тілепбергенов Қазақстан Жастар одағы­ның «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды