• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Нинбо портына (Қытай) 3 млн доллардан астам қаржы инвестициялады (ФОТО)

Қазақстан Нинбо портына (Қытай) 3 млн доллардан астам қаржы инвестициялады (ФОТО)

1 Тамыз, 2017 08:51
2017 жылдың соңына қарай Қазақстан Нинбо теңіз портындағы 4 жобаны ратификациялады, Қазақстаннан инвестициялардың келісімшарттық сомасы 3,56 млн долларға жетті, Қазақстаннан капиталдардың нақты қолданылу мөлшері – 0,13 млн доллар. Сонымен қатар, Қазақстанда Нинбодан 6 ратификацияланған кәсіпорын мен ұйым бар, олар 57,27 млн долларға тең. Бұл туралы Нинбо қаласында (Қытай) қазақстандық журналистермен кездесуде Нинбо қаласы үкіметінің жанындағы сыртқы істер кеңсесінің вице-директоры Чэн Гомео айтып берді.

Нинбо қаласы немесе қысқаша Юн Қытайдың субпровинциялық деңгейдегі қаласы және Янцзы өзенінен оңтүстікке қарай орналасқан экономикалық орталықтардың бірі болып табылады. Ол Тынық мұхитының батыс жағалауындағы орталық бөлігінде орналасқан. Нинбоның құрлық ауданы жалпы 9816 ш. км құрайды, тұрақты халқының саны - 7,8 млн адам.

Ч.Гомео хабарлағандай, Нинбоның Ұлы Қытай каналының оңтүстік бөлігінде теңізге шығатын жалғыз жолы бар, Теңіз Жібек жолындағы маңызды порт. Бұл Ұлы Жібек жолын және Теңіз Жібек жолын біріктіретін негізгі қала. 

«Чжэцзяньдағы Нинбо-Чжоушань теңіз порты - Қытайдағы жүк тиеу көлемі жағынан ең ірі порт. Онда кемелерге арналған мұнай терминалы, сондай-ақ темір кенін тиеуге арналған суы терең аялдама бар. Мұнда барлығы 39 аялдама бар. Портқа әлемнің әр түрлі елдерінен айына 300-ге дейін контейнер келеді. Бүгінде Нинбо – Чжоушань порты әлемдегі ең басты суы терең порт болып табылады. 2016 жылы портта жүк өткізу көлемі 920 млн тоннадан асып, стандартты контейнерлер саны 21,56 млн-ға жеткен. Осы екі көрсеткіш бойынша Нинбо-Чжоушань порты әлемнің барлық порттары арасында 1-ші және 4-ші орын алады", - деді Ч.Гомео.

Сондай-ақ ол 2017 жылғы маусым айының соңына дейін Нинбода Қазақстанның ратификацияланған жобалары 4-ке жеткенін атап өтті. Қазақстаннан инвестициялардың келісімшарттық сомасы 3,56 млн долларға жетсе, Қазақстаннан капиталдардың нақты қолданылу мөлшері  – 0,13 млн доллар.

«Сонымен қатар, Қазақстанда Нинбодан 6 ратификацияланған кәсіпорын мен ұйым бар, олар 57,27 млн долларға тең. 2016 жылы Нинбо мен Қазақстан арасындағы импорт пен экспорттың жалпы көлемі 86,14 млн долларды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,9%-ға төмендеген, Нинбодан Қазақстанға экспорт көлемі 14%-ға төмендеп, 78,56 млн долларға жеткен, Қазақстаннан Нинбоға импорт сомасы 56,7%-ға түсіп, 7,58 млн долларды құраған", - деп ақпараттандырды Ч.Гомео.

Оның айтуынша, 2017 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Нинбо мен Қазақстан арасындағы импорт және экспорт көлемі 37,9 млн долларды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға қысқарған.

«Нинбодан Қазақстанға экспорт көлемі 1,2%-ға артып, 36,73 млн долларға жеткен, Қазақстаннан Нинбоға импорт сомасы 66,3%-ға түсіп, 1,17 млн долларды құраған. Қазақстаннан Нинбоға импортталатын басты тауарлар - мыс материал, титанид. Нинбодан Қазақстанға экспортталатын басты тауарлар – тоқыма жіптер, маталар, кондиционер, киім және т.б. ұсақ-түйектер», - деп қосты директор.

Еске сала кетейік, "Бір белдеу, бір жол" ұлы жобасын құру туралы ұсынысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Орталық Азия елдеріне сапары барысында жасаған болатын. Содан бері Қытай мен Қазақстан арасында көлік саласындағы жобалар іске асырылып келеді. Ең маңызды жобалар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұрлы жол" экономикалық саясатында да айқындалған. "Бір белдеу, бір жол" жобасын көптеген елдер қолдады. Осы қытайлық бастаманың мәні Қытайдың қатысуымен қолданыстағы өңірлік екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл жасау механизмдері мен құрылымдарын нығайту арқылы халықаралық ынтымақтастық пен дамудың жаңа моделін іздестіру, қалыптастыру және ілгерілету болып табылады. Ежелгі Жібек жолы рухын жалғастыру және дамыту негізінде "Бір белдеу, бір жол" өңірлік экономикалық әріптестіктің жаңа механизмдерін әзірлеуге, тартылған елдердің экономикалық гүлденуіне ынталандыруға, әр түрлі өркениеттер арасында барлық салалардағы мәдени алмасу мен байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақты дамуға жәрдемдесуге шақырады. 

Қайрат Жандыбаев

Барлық жаңалықтар