МӘМС аясында ЖК мен жұмыс берушілер жарнаны қалай төлейді

20 Шілде, 2017 11:56
2017 жылдң 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғаны белгілі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын биыл екі санаттағы азаматтар төлейді. Олар: жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер.

Жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна аударады. Қордың мәліметінше, ай сайын төленетін жарна мөлшері:2017 жылдың 1 шілдесінен бастап – жұмыскер жалақысының 1%;2018 жылдан бастап – 1,5%;2020 жылдан бастап – 2%;2022 жылдан бастап – 3%.

Шілденің бірінен бастап жарна төлейтін қос санаттың бірі – жеке кәсіпкерлер (жеке меншік нотариустар мен сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар). Олар жарнаны ЖК ретінде өзі үшін төлейді. Жеке кәсіпкердің жарнасы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын құрайды. Нақтырақ айтқанда, жарна мөлшері 2017 жылы 2445 теңге 90 тиынды, 2018 жылы – 2828 теңгеге тең.

Жарна есептелетін жалақының ең жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақыдан немесе 366 мың 885 теңгеден аспауы тиіс. Яғни, ай сайын төленетін міндетті жарнаның ең жоғарғы мөлшері 3668 теңге 85 тиыннан аспауы керек.

Ал, егер жеке кәсіпкердің қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлері болса олар үшін жұмыс беруші ретінде жарна аударып отыруы тиіс.

Хабарламада атап көрсетілгендей, шілде айының жарнасын тамыздың 25-іне дейін төлеуге болады. Жарнаны екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ кез-келген бөлімшесі арқылы төлеуге болады. Төлем кодтары көрсетілген арнайы бланктерді аталған қаржы ұйымдарынан алуға болады. 

Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдарын Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірісітер комитеті бақылап отырады. Жарна міндетті болғандықтан дер кезінде төленбеген жағдайда комитет тиісті шаралар қолдана алады. Кешіктірілген әр күн үшін (қорға жарна төлейтін күнді қоса алғанда) ресми қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшері көлемінде өсімақы төленеді.

Егер жұмыс беруші немесе жеке кәсіпкер жарна аударудан бірнеше рет бас тартса қарыз сомасының 50 пайызына дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. Себебі, Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексі бойынша заң бір рет бұзылғанда ескерту жасалады. Заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы қайталанған жағдайда берешек соманың 20 пайыздан 50 пайызына дейін айыппұл қарастырылған. Айыппұл мөлшері субъектінің көлеміне (шағын немесе ірі кәсіпкер) байланысты.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандыру жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Мемлекет жеңілдігі бар 14 санаттағы 10 млн азамат үшін жарна төлейді. Атап айтқанда, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер, зейнеткерлер, көп балалы аналар, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, стуңденттер, 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер мен 3 жасқа толмаған бала күтімімен үйде отырған тұлғалар т.б. үшін ел бюджетінен айсайын 5029 теңге төленеді. Келер жылы жарна төлейтін топтың бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – міндетті сақтандыру жүйесіне ай сайын төменгі айлық жалақының 5 пайызын немесе 1414 теңге төлеуі тиіс.

Жалпы, міндетті сақтандыру шеңберінде медициналық көмек 2018 жылдан бастап көрсетіле бастайды.

Барлық жаңалықтар