Республика бойынша жарты жылда 47 мың баспана пайдалануға берілді

18 Шілде, 2017 11:23
Республика бойынша 2017 жылдың 6 айында 47 738 баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің Физикалық көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артты (43,1 мыңнан 47,7мың баспанаға дейін) Көп пәтерлі тұрғын үйлердің саны 33%-ға ұлғайғаны байқалады (24 мыңнан 33,2 мыңға дейін). Тұрғын үйді іске қосу бойынша Астана қаласы (1510 мың шаршы метр), Алматы қаласы (928 мың шаршы метр), Маңғыстау (542,5 мың шаршы метр) және Оңтүстік Қазақстан (318 мың шаршы метр) облыстары алдыңғы қатарда», - деді Ж.Қасымбек.

Республиканың 14 өңірінде тұрғын үйді іске қосу көлемі артқаны байқалады.

«Өткен жылмен салыстырғанда Батыс Қазақстан (84%), Жамбыл (44%), Солтүстік Қазақстан (41%), Қызылорда (38%), Маңғыстау (35%) облыстарында және Астана қаласында (33%) тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі айтарлықтай ұлғайған», - деді ол.

Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – бұл халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер салу. Бұл бағытқа биыл республикалық бюджеттен 25 млрд. теңге бөлінді.

«Бүгінгі күні 6,1 млрд. теңге өңірлерге аударылды, қалған қаражат қаржыландыру жоспарына сәйкес аударылатын болады. Бөлінген қаражатқа 5936 пәтердің (311 мың шаршы метр) құрылысы басталды, оның ішінде 2017 жылы 2 687  пәтерді (150 мың шаршы метрді) пайдалануға беру жоспарланған.  Бұл ретте,  2178 пәтерді (120,3 мың шаршы метр) пайдалануға беру күтіліп отыр. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жеке тұрғын үй құрылыс аудандары инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмегендіктен және құрылыс-монтаждау жұмыстарына (ҚМЖ) конкурстық рәсімдер уақытында өткізілмегендіктен объектілерді беруді 2018 жылға ауыстыруды жоспарлап отыр»,-деді Жеңіс Қасымбек.

Ақбота Күзекбай 

Барлық жаңалықтар