Ақтөбе облысында жұмыспен қамтудың кешенді жоспары 50,2%-ға орындалды

17 Шілде, 2017 10:59
Ақтөбе облысында жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарымен 31 мың адамды қамту жоспарланған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен жиналыста белгілі болды.

Әкімдіктен хабарлағандай, кешенді жоспар аясында жұмыс орындарын құру, жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандарды мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар арқылы қайта оқыту қарастырылған.

Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жоспар 50,2 % орындалған.

«Кешенді жоспар өңір халқының әл-ауқатын жақсарту үшін өте маңызды. Оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету – облыс әкімінің тікелей тапсырмасы. Аудандар 1 тамызға дейін барлық кемшіліктерді дұрыстаулары қажет, осыдан кейін мақсатқа қол жеткізбегендігі үшін жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданатын болады», -деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.

Сондай-ақ, өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жеделдетілген қайта даярлау курсынан өткен азаматтардың жұмысқа орналасуын қадағалауды күшейту тапсырылды. Бүгінде қысқа мерзімді оқыту курсына 840 адам кірісіп, оқуын аяқтағандардың 88 %-ы жұмысқа орналастырылған.

Ағымдағы жылы жаңа бағдарламамен сұранысқа ие мамандықтар мен іскерлік негіздеріне жаппай оқыту жолымен, сонымен қатар кәсіпкерлікпен белсенді айналысу үшін жағдай жасау арқылы барлығы 5 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда. Олар: өзін өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар мен біліктілігі жоқ тұлғалар. Соның ішінде мыңнан аса ақтөбелік өңірде сұранысқа ие кәсіптер тізіміне енгізілген мамандықтар бойынша арнаулы орта білім ала алады. Мобильді оқу орталықтарын ашудың арқасында шалғай аудандардағы тұрғындардың да кәсіби білім алуға мүмкіндіктері бар.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары бағдарламаға қатысушылардың жоғары кәсіби білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына мүмкіндік беретін сапалы білім алуын қамтамасыз етіп, талдауды тапсырды.

Бағдарлама аясында сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауыл мен қалада шағын несиелеуді кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Жыл соңына дейін өзінің ісін бастағысы келетін өңір тұрғындарына  жалпы сомасы 3 млрд. теңгеге жуық шағын несие беру жоспарлануда.

Атап өтер болсақ, шағын несие алуға ниеті бар бағдарлама қатысушылары міндетті түрде кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады. Бүгінде облыс орталығының алты ауданында «Бастау-Бизнес» оқыту курсы ұйымдастырылған.

Ербол Нұрғалиев бюджет қаражатының мақсатты түрде жұмсалуын үнемі қадағалау қажеттігін атап өтіп, бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы үшін барлық қажетті шараларды қолдануды тапсырды.

Барлық жаңалықтар