Итальяндық инвесторлар Батыс Қазақстанға инвестиция салмақ

15 Шілде, 2017 15:47
Итальяндық инвесторлар Батыс Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытуда.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінде хабарлағандай, Италияның Милан қаласында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандық делегацияның қатысуымен бизнес-форум өтті. Кездесу Елбасының республикамызға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.

Шараға  келген инжини­рингпен, мұнайгаз саласына құрал-жаб­дық шығарумен айналысатын итальяндық ірі компаниялардың бас­шыларына Батыс Қазақстан об­лысы экономикасының негізгі салалары, инвестициялық әлеуе­ті, өңірді мұнайгаз кластеріне ба­ғытталған машина жасау орта­лығына айналдыру жөніндегі іс-шаралары  таныстырылды.

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, еліміздің батыс аймағының агроөнеркәсіп өнімде­ріне деген сұранысын толығы­мен қанағаттандыруға болады. Сонымен қатар ЕАЭО мен ЕО елдеріне де азық-түлік экспортының кө­лемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қа­растырылған. Жалпы, шетелдік компаниялардың об­лы­сқа инвестиция салуға қы­зы­ғушылығы зор.

Оған кабельді-сым­ды өнімдер шығарумен айна­лысатын кәсіпорын, жылыжай шаруашылығының құрылысы, за­ман талабына сай келетін жаңа қо­нақ үй салу жобалары мысал бола алады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін және же­дел қарқынмен дамып келе жат­қан басқа да түрлі жобалар бар.

Бұдан бөлек, облыс әкімі итальяндық компанияларды Ел­ор­дада өтіп жатқан «ЭКСПО –2017» көрмесін, сондай-ақ Орал қа­ласында дәстүрлі түрде өтетін «WestKazInvest – 2017» форумын тамашалауға шақырды. Онда шетел­дік қонақтарға отандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасу, жаңа өнім түрлерін шы­ғару, бірлескен кәсіпорын құру турасында келісіммен уағдаластық жүргізуге барлық жағдай жасалады.

Форумнан соң облыс әкімі ита­льяндық компания басшыларымен жеке кездесті. Соның нәтижесінде ірі инвесторлар облыстың бизнес әлеуетімен жан-жақты танысу үшін Ақ Жайық өңіріне арна­йы  баратындарын  жеткізді.

Барлық жаңалықтар