"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 1300 шақырым жол жөндеуден өтті (ВИДЕО)

14 Шілде, 2017 17:49
«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы 2015 жылға арналған халыққа Жолдауда Елбасы ең бірінші кезекте қара жердің күре тамырындай болған тас жолдарды ретке келтіріп, елдің шалғай аймақтарының орталықпен байланысын, көлік қатынасын арттыруға көңіл бөлуді тапсырды. Бүгін "Стратегия" пікірталас алаңында осы бағдарлама аясында күні бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылғаны туралы ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Еркебұлан Супалдияров пен "Қазақавтожол" РМК бас директоры Ұлан Әліпов кеңінен айтып берді.

«Жалпы, осы бағдарлама басталғалы республика бойынша 1300 шақырым жол қайта қалпына келтірілді. Оның ішінде ең басты жоба «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» магистралының құрылысын аяқтадық.  "Орталық-Оңтүстік" жобасы шеңберінде Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай жоладырының құрылысы аяқталды. Содан кейін,  Алматыдан Талдықорғанға дейін, Көкшетаудан Петропавлға дейінгі жолды салып бітірдік», - дейді ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы Еркебұлан Супалдияров.

Бұдан басқа, сала маманы алдағы уақытта қандай жұмыстар жүргізілетіні туралы айтты.

«Қазіргі таңда 2017-2020 жылдар аралығында барлығы 22  автожол жобасын жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Ағымдағы жылы 4400 шақырым жол құрылыс жұмыстары қамтылады. Жалпы, бүгінде жоспардың елу пайызы жүзеге асырылды деуге болады», - деді Е.Супалдияров.

Сонымен қатар, сала маманы әр уческе бойынша тарқатып айтып берді.

«Астана-Алматы бағыта бойынша Қарағанды мен Теміртау аралығында жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Себебі Астана мен Теміртау арасындағы жол төрт жолақты болып келеді, ал Қарағандымен Теміртау арасындағы жолдың өткізгіштік мүмкіндігі төмен. Сол себепті бұл учаскені біз алты жолақты етіп жатырмыз. Және де көліктің барлығы Қарағанды қаласының ішінен өтетін, енді біз айналма жолдың құрылысын ағымдағы жылы бастауды көздеп отырмыз», - деп бөлісті Е.Супалдияров.

Мөлдір Асқар 

Барлық жаңалықтар