• Басты
  • Жаңалықтар
  • ШҚО экономикамыздың аграрлық секторында ертеден қалыптасқан берік дәстүрге ие - Н.Назарбаев

ШҚО экономикамыздың аграрлық секторында ертеден қалыптасқан берік дәстүрге ие - Н.Назарбаев

14 Шілде, 2017 16:39
Елбасы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті сүт өнімдерін өндіруге, мал және егін шаруашылығына маманданған «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы сүт-тауар фермасын аралап, онда сауын залы мен сүт қабылдайтын цехты көрді.

Сондай-ақ, Елбасы облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жетістіктерімен танысып, өңірдің шаруаларымен әңгімелесті.

"Шығыс Қазақстан облысы экономикамыздың аграрлық секторында ертеден қалыптасқан берік дәстүрге ие. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор, болашақта бұл салаға деген сұраныс арта түседі. Қазір біз үшін Қытай Халық Республикасының орасан зор нарығы ашық, сіздер шығаратын өнім шет елдерге экспорттала алады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларға бақ-береке және өндірісте жаңа жетістіктер тіледі.

Айта кетейік, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС күнбағыс дәнін өсіріп-өндіретін шаруашылық болып табылады әрі таңдаулы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Кәсіпорын майлы дақылдарды сұрыптаумен және тұқым өсірумен, мүйізді ірі қара малдың асыл тұқымды түрлерін жақсартумен, ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен, сатумен, қайта өңдеумен, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін апробациялаумен және аяқталған ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен айналысады.

Барлық жаңалықтар