• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақтөбе облысындағы кәсіпорындардың экологиялық нормаларды сақтауы тексеріледі

Ақтөбе облысындағы кәсіпорындардың экологиялық нормаларды сақтауы тексеріледі

12 Шілде, 2017 11:16
Облыс әкімдігінде өткен жиналыста Ақтөбе қаласындағы атмосфералық жағдайды жақсарту және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі талқыланды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Аталмыш бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы облыстық экология департаменті басшысы Жақсығали Иманқұлов мәлімдеді.

 Оның айтуынша, 2016 жылы стационарлық көздердің атмосфераға шығарған қалдығы Ақтөбе бойынша 13,5 мың тоннаны құрады.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында арнайы комиссия облыс әкімінің тапсырмасымен ауаны ластаушы көздердің негізі болып табылатын ірі кәсіпорындардың экологиялық нормаларды сақтауын тексереді.

Бұған қоса, мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты жолдауын жүзеге асыру аясында кәсіпорындарды жаңғырту, соның ішінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сұрақтары пысықталуда.

Экология департаменті күкіртті сутектің пайда болуы мен бөлінуі көздерін анықтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде, соның ішінде Ақтөбедегі кәсіпорындардың қалалық кәріз жүйесіне құйылатын өнеркәсіпте пайдаланған суын бақылау күшейтілді. Сонымен, 2016 жылы 70-ке тарта кәсіпорында өнеркәсіпте пайдаланған суды тазалау жүйесінің болуы және пайдаланылуы жоспардан тыс тексерілді.

Бұдан басқа, өзге өңірлердің қоқыстарды азайту және күкірт сутегін бейтараптандыру тәжірибесі зерттелуде.

Қоршаған ортаның сапасын жақсартуға тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін жоспарлы түрде шешу де септігін тигізеді. Сонымен, ағымдағы жылдың мамыр айында Ақтөбе қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс сұрыптау кешені пайдалануға берілді. Кәсіпорынның жылына 200 мың тонна қоқысты сұрыптап, өңдеуге мүмкіндігі бар. Қоқыс сұрыптау цехтерін облыс аудандарында да жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жиналыс барысында сондай-ақ, құрылыс кезінде әсіресе, жергілікті инертті материалдарды пайдалану мәселелері қарастырылды. Айта кетейік, жергілікті материалдарды қолдану құрылыс құнын төмендетуге, кей жағдайда жұмыс өндірісінің қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Барлық жаңалықтар