• Басты
  • ЖОО-ға түсе алмаған түлектер нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы тегін оқи алады

ЖОО-ға түсе алмаған түлектер нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы тегін оқи алады

11 Шілде, 2017 17:04
Үкімет неліктен бұқаралық оқыту бағытын таңдап алды. Бізде ресми мәлімет бойынша 439 мың жұмыссыз халық бар. Ал, 2,1 млн өзін-өзі қамтыған халық.Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов ОКҚ-да 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жылдың алғашқы жартысындағы қорытындысына арналған брифингінде мәлімдеді.

«Үкімет неліктен бұқаралық оқыту бағытын таңдап алды.  Бізде ресми мәлімет бойынша  439 мың  жұмыссыз халық бар. Ал,   2,1 млн өзін-өзі қамтыған халық.Ресми көрсеткiшке келсек, елiмiзде 9 млн-ға жуық еңбекке қабiлеттi, экономикалық белсендi адам бар. Соның 27-28 пайызы, өкiнiшке орай мектептегi орта бiлiммен шектелген. Ал өз бетiнше жұмыспен қамтылғандардың жартысы, жұмыссыздардың 25 пайызы мектептегi орта бiлiммен қалған. Сондықтан, халықты жаппай оқытуды мақсат етiп отырмыз», - дейдi Нұрымбетов.

Вице-министрдiң айтуынша, бұрынғы жылдары «Жол картасы» бойынша жылына 6-7 мың адам оқытылса, жаңа бағдарлама (Нәтижелi жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы - агент.) бойынша биылғы жылдың өзiнде барлығы 90-100 мың адамды (түлектер мен ересектер - агент.) оқыту көзделiп отыр.

«Бағдарлама екі бағыт бойынша жұмыс істейді: біріншісі ҰБТ тапсыра  алмай қалған және өзге ЖОО-ға түсе алмаған түлектерді қамтиды.  Біз оларды ТжКБ  бағдарламасы арқылы тегін білім алуға шақырамыз. Соңғы жылдарды сараптап қарайтын болсақ, жыл сайын Ұлттық бiрыңғай тестiлеуден өте алмай, оқуға түспей қалған мектеп түлектерiнiң саны орта есеппен 20 мыңды құрайды. Сондықтан биылғы жылы осы балаларды техникалық кәсiптiк бiлiм беру орындарына мемлекеттiң есебiнен тегiн оқуға жолдаймыз. Қазiргi таңда 361 техникалық кәсiптiк бiлiм беру орындары оларды қабылдауға дайын. Бiрiншi қыркүйектен бастап балалардың барлығы оқуға барады, қазiр олардың тiзiмi даярланып жатыр», - деді Б.Нұрымбетов.

Айта кетейік, 1 шілдедегі жағдай бойынша, республикада  170 мыңнан астам  жаңа  жұмыс орны құрылды, оның  69,5 – тұрақты жұмыс орны. Бұл сан барлық қажеттілікті қамту үшін жеткіліксіз. Сондықтан, екінші бағыт – жұмыссыз халықтың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау. Министрлік  «Бизнес бастау»  бойынша кәсіпкерлік негізін  оқытуды ұсынып  отыр.

Бүгінде бағдарламаға қатысушылар саны  208 мың  400 адамды құрады. Оның 82 пайызы – бұрынғы жұмыссыздар, 18 пайызы – өзін-өзі қамтығандар.

«Оған қоса, 53 пайызы әйелдерді,  44 пайызы жастарды құрап отыр. 23 мыңға жуығы аз қамтылған отбасылардан болса,  8 мыңы мүгедектігі бар жандар. Біздің бағдарламаның бірнеше мақсаты бар: бірінші – жұмыссыздарды  жаппай оқыту, екіншісі – кәсіпкерлік  бастамаларды қолдау, үшінші – еңбек делдалдылығы әдістерін дамыту», - деді Біржан Нұрымбетов.

Ақбота Күзекбай

 

Барлық жаңалықтар