Г. Исимбаева Алматы қаласының еңбек ұжымдарымен кездесті

11 Шілде, 2017 10:54
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Гүлмира Исимбаева Алматы қаласының тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді.

«Айнабұлақ-3 шағын ауданында Мәжіліс вице-спикері Г.Исимбаева №11 емхананың ұжымымен кездесті. Парламент мүшесі медицина қызметкерлерімен әңгімелесу барысында жүйелі реформаларды жалғастырудың маңыздылығы және олардың қазақстандықтардың санасын жаңғыртудағы рөлі жайында айтып берді», - деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева және Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы Гүлнар Иксанова «BRB APK» қызанақ және қияр өсіруге арналған жылыжай кешенінде болды. Депутаттар кәсіпорын жұмысшыларымен сөйлесіп, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға қатысты сұрақтарына жауап берді.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында экологиялық таза өнім өндіру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесін басты міндеттердің бірі етіп айқындаған болатын. Бұл ел экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға әкеледі. Сондықтан Қазақстанда осындай өндірісті дамыту керек», - деп атап өтті Мәжіліс вице-спикері Г. Исимбаева.

Сондай-ақ Парламент депутаты қала тұрғындарымен әңгімелесу барысында Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарында айқындаған міндеттері қалай орындалып жатқанын, Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылады.

Алматы қаласының Наурызбай ауданында депутаттар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы бойынша салынып жатқан 1200 орынға арналған жаңа мектептің құрылыс барысымен танысты.

Сонымен қатар, Г. Исимбаева Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы №36 емхананың ашылуына да қатысты. 

Барлық жаңалықтар