Теміртауда құрылыс зауыты ашылды

10 Шілде, 2017 10:21
Теміртауда газобок шығаратын жаңа кәсіпорын өз жұмысын бастады. Жобаның құны 1,5 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Өнім алдымен Астана қаласындағы құрылысқа жіберіледі. Компаниямен жасалған бүгінде тиісті келісім шарт бар. Біздің облыс жалпыұлттық іске осылайша үлес қосып, әсем Елордамыздың гүлденуіне септігін тигізіп жатқаны қуантады»,- деді аймақ басшысы Е.Қошанов.

Жобаның басты құрылтайшысы Болат Әбілов Қарағанды облысын неліктен таңдағанын айтып берді.

 «Қарағанды облысы шикізаты мол, мамандары білікті өндірісті өңір. Сондықтан зауытты осы аймақта аштық– Кәсіпорын Қарағанды мен Астана тәрізді екі қаланың дәл ортасында орналасқандықтан географиялық жағынан да ыңғайлы. Мұндағы шикізат базасының әлеуеті жоғары. Зауыттан 7-8 шақырым жерде кен орны бар. Айта кету керек, теміртаудағы құм 76 пайыз кварцтан құралған. Яғни біз ең сапалы өнім шығарамыз деген сөз. Себебі Алматы, Астана қалаларының газоблок зауытындағы кварц тек 60 пайызды құрайды», - деді  жобаның басты құрылтайшысы кәсіпкер Болат Әбілов.

Зауытта 70-тен астам жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын жетекшілері жуырда тағы да еңбеккерлерді жұмысқа қабылдамақ ниетте. 

Кәсіпорын жылына 150 мың текше метр газоблок өнімін шығарады  деп күтілуде. Бұл алдымен, Қарағанды облысындағы құрылыс компанияларының сұранысын өтейтін болады.

Қазірдің өзінде зауыт Астананың ірі өндіріс орындарынан тапсырыс алып отыр. Ал нарыққа текшеметріне 14 000 теңге бағада шығамыз деп жоспарлайды.

Барлық жаңалықтар