• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астананың ботаникалық бағы Еуропадан әкелінген өсімдіктермен толықты (ФОТО)

Астананың ботаникалық бағы Еуропадан әкелінген өсімдіктермен толықты (ФОТО)

6 Шілде, 2017 21:12
Қала күніне орай астаналық ботаникалық бақта өсімдіктердің көптеген түрі отырғызылды, деп хабарлады елорда әкімдігі.

Ағаштарды отырғызу шарасына қала басшысы мен әлемнің әртүрлі елдерінен келген ЭКСПО комиссарлары қатысты. Олар отырғызылған көшеттердің жанына өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Акция қатысушылары алдағы уақытта жоспар бойынша қалың орман болатын бақшаға xалықаралық мәртебе берді.

Экологиялық акцияны шет мемлекеттердің өкілдері де қолдады. Сыйлық ретінде қала тұрғындары үшін Польша мемлекетінің билік өкілдері Еуропаның бақшасынан жөке, емен, алма, шетен секілді тал-теректерді әкелді. Салынып жатқан ботаникалық бақтың аумағына 214 ағаш отырғызылды. 

Польша делегациясының өкілдері атап өткендей, олар бұл өсімдіктерді, тал-теректерді өз елдерінде өтіп жатқан "Минутына мың ағаш" акциясы аясында әкелген. Айта кетейік, Польшада жыл сайын 500 млн ағаш отырғызылады. Бұл идея Елбасының «Астана қаласы маңында жасыл белдеу» жобасына ұқсас, деп атап өтті  ұйымдастырушылар. 

Бақ аумағында аққайың, қара терек, қызыл үйеңкі, үшкір жапырақты үйеңкі, суармалы үйеңкі, арша, манчжур жаңғағы, майқарағай және т.б. өсімдіктер түрі отырғызылған. Бақтың аумағында 2 жылыжай салынып жатыр.

Атап өтер болсақ, елордада бұл ботаникалық бақ Елбасының тапсырмасымен салынды. Ботаникалық бақтың аумағы 92,2283 гектарды құрайды, жасылдандырылған аумақ 587965,7 шаршы метр. Бүгінде аумақта 93200 тал көшет отырғызылған, оның 26946 данасы - ағаш жиынтығы, 12346 дана бұта жиынтығы, бас-аяғы 39292 дана өсімдік және 53905 дана бұталы қоршау отырғызылды. 

Ботаникалық бақ қала тұрғындары мен қонақтар үшін осы жылдың күзінде ашылады.

Фото Бауыржан Жуасбаев

Барлық жаңалықтар