• Басты
  • Жаңалықтар
  • Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне 16 миллиард теңге бөлінеді

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкерлеріне 16 миллиард теңге бөлінеді

4 Шілде, 2017 19:56
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шағын несиелеуді жүргізеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиелеуге биыл 27 млрд. теңге бөлінсе, оның 16,1 млрд. теңгесі Қор арқылы беріледі.

Несиелік қаржының 80 %-ы  кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық карталарында көрсетілген қызметтің басым түрлеріне сәйкес жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.  20 % - қызметтің басым түрлерінен тыс жобаларға беріледі.

Ал, мал шаруашылығы саласындағы жобалар мен ауылшаруашылық кооперативтерін құруға бөлінген несие 7 жылға беріледі. Шағын несиенің максималды сомасы – 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін, сыйақы үстемесі – жылдық 6 пайыздан аспайды. Негізгі борыш пен пайызды өтеу бойынша жеңілдетілген мерзім – шағын несие мерзімінің үштен бір бөлігінен аспайды.

Бүгінгі таңда Қор филиалдары арқылы Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 4,1 миллиард теңгеге 1083 жоба мақұлданды.

Айта кетейік,  осы жылдың ақпанында ҚР Үкіметінің қаулысымен 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілген болатын. Наурызда Шағын қалалар мен ауылдық елдімекендерді несиелеу және шағын несиелеу ережелері бекітілді. Сәуір және мамыр айларында жергілікті атқарушы органдар аймақтық деңгейде ауылдық кәсіпкерлікті шағын несиемен қамтамасыз ететін уәкілетті ұйымды бекітті. 

Барлық жаңалықтар