• Басты
  • Басты міндет – адамдарға энергия ресурстарын үнемдеу қажеттігін түсіндіру (СҰХБАТ)
3 Шілде, 2017 15:21

Басты міндет – адамдарға энергия ресурстарын үнемдеу қажеттігін түсіндіру (СҰХБАТ)

ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Швейцария павильонының директоры Мануэль Залхли павильонның негізгі идеясы жайында айта отырып, адамдарға энергия ресурстарын қалай үнемдеу керектігін түсіндіру басты міндет болып табылатынын атап өтті.
Басты міндет – адамдарға энергия ресурстарын үнемдеу қажеттігін түсіндіру (СҰХБАТ)

«Швейцариялық павильон ашық түсті, қозғалмалы ағаштары бар таңғажайып орман тәрізді, онда табиғатқа, табиғи және энергетикалық ресурстарға ұқыпты қарауға қатысты өз ойымызды болашақ ұрпаққа жеткізуге тырыстық. Осы әдемі қоршаған ортаға енген сәттен бастап сізді біздің гидтеріміз ішке шақырып, тақырыптық үйлер мен тақырыптық бұрыштарда экспонаттармен таныстырып, интерактивті ойын түрінде табиғатқа ұқыпты қарау және біздің күнделікті өмірімізге инновацияларды енгізу тұжырымдамасын жеткізеді», - деді М.Залхли.

Сондай-ақ ол павильонның осындай бөліктерінен басқа, шағын зертханалар да бар екенін айтты, онда Швейцарияда және барлық әлемде күнделікті өмірге енгізіліп жатқан ғалымдардың ең жаңа технологиялары мен әзірлемелері ұсынылған.

«Күн панельдерін алатын болсақ, үйреншікті көрінетін қарапайым зат болғанымен, ол энергияны түрлендіріп, оны жарық көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бізде ұсынылған экспонаттар, технологиялар мен жаңалықтар жай ғана көрме заттары емес, бұл күнделікті өмірде қолданылатын жаңа технологиялар, инновациялық әдістер. Бір ай бұрын ғана Швейцарияның барлық азаматтары жанатын және жаңартылмайтын көздерден, сондай-ақ ядролық энергиядан жаңа жаңартылатын экологиялық таза энергия көздеріне көшу жөніндегі жаңа стратегия үшін дауыс берген болатын», - деп атап өтті Швейцария павильонының директоры.

Бұдан бөлек, бұл күнделікті өмірде техникалық ЖЭК пайдаланып жүрген елдің барша халқының азаматтық еркі екенін де атап өтті.

«Швейцарияда күн панельдерімен, күн шатырларымен жабдықталған үйлер бар, осылайша олар өздерін энергиямен және жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өз қажеттіліктері үшін энергияны толықтай өздері шығаратын және тіпті артық қалғанын қорда сақтайтын да үйлер бар. Швейцариялықтар осы сынды жаңалықтарды бүгіннің өзінде өз өмірлеріне енгізуге тырысуда, олар 2050 жылға дейін ЖЭК-ке толықтай көшу үшін болашақта осы стратегияны одан әрі ұстануға ниетті», - деді М. Залхли.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта өзін-өзі қамтамасыз ету бойынша ішкі энергияның 60%-ы – су көздерінен алынатын энергия, ал 1,5 %-ы елде орнатылған күн қондырғылары болып табылады.  

«Елдегі күн қондырғыларының саны өсіп келеді, сондықтан жақын арадағы қамту пайызы  едәуір артуы мүмкін. Бұл ЖЭК-ке қысқа мерзім ішінде барынша жылдам көшу үшін пайдаланылатын ядролық энергияның 38%-ы дереу қысқаруы тиіс деген сөз. Барлық жерлерде күн және жел, сондай-ақ басқа да баламалы энергия көздері енгізіледі. Бұдан әрі бар қондырғылардың энергия тиімділігін арттыру қажет», - деп түсіндірді швейцариялық павильонның комиссары.

Сондай-ақ ол өндірістік секторда, сонымен қатар үй шаруашылығында, тұрмыста оның қаншалықты мүмкін екенін де түсіндіріп өтті.  

«Энергия шығындарын төмендету тәсілдері жайында айтатын болсақ, ғылым мен практикалық іс-әрекеттерге де үлкен инвестиция салу керек. Швейцарияда қабырғалардың, объектілердің, өндірістік үй-жайлардың жылу оқшаулылығын арттыру үшін мүмкіндігінше ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екінші мысал, электр қуаты мен жылуды барынша жауапты тұтыну. Ол қазірдің өзінде міндетті жұмыс практикаларына енгізіліп жатыр. Бұл үй-жайларды автоматты энергия жүйелерімен қамтамасыз ету. Біз тұрмыста да, жұмыста да оны қарапайым адамдарға жеткізуге тырысамыз, мысалы, үйден шығарда барлық энергия көздерін сөндіріп шығуға, жұмыстан шыққанда барлық жұмыс аппараттарын сөндіріп шығуға тырысамыз. Қазір кеңсе, тұрғын үй және индустриялық үй-жайлардың көпшілігі өзін-өзі сөндіру жүйесімен қамтамасыз етілген, адам бөлмеде бес минут ішінде ешқандай әрекет жасамаса, электр қуатын беруді тоқтататын электр санауыштар автоматты түрде іске қосылады. Бұл қарапайым тәсіл болып көрінгенімен, шын мәнінде адамдарды ойлантып, жылу шығындарын, энергия шығындарын және басқа да шығындарды төмендетеді», - деп түйіндеді М. Залхли.

Қайрат Жандыбаев

Видео Арман Мұхатов

Барлық жаңалықтар
18.214.23.30, 192.168.88.100