Мақтарал ауданында қауынның 70 пайызы экспортталды

3 Шілде, 2017 18:57
Мақтарал ауданында қауынның 70 пайызы экспортталды. Бұл туралы Оңтүістік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың Мақтарал ауданына барған жұмыс сапарында белгілі болды.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндаған аудан әкімі Ғ.Исмаилов биылғы жылы 131,4 мың гектарға  егін егілгенін атап өтті.

Оның ішінде 94 мың гектарға мақта, 368,4 гектарына күнбағыс, 85 га картоп, 24 мың гектардан астам жерге бақша өнімдері, ал 2417,3 га көкөніс, 56 гектарға жүзім мен тағы басқа да өнімдер егілген.

 Облыс әкімдігі хабарлағандай,  Мақтаралдық диқандар егілген 18,4 мың гектар қауыннан бүгінде 19 мың тоннадан астам бақша дақылын жинап, оның 70 пайызын шетелге экспорттаса, қалған 30 пайызын Қазақстан нарығына саудалаған.

Ең алдымен облыс басшысы ерте көктемнен егінін егіп, мол өнім жинап Қазақстан мен шетел нарығына шығарып жатқан Мақтарал ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер А.Боевтың бау-бақшасымен танысты. Мұндағы баудың 8 гектарына алма мен алхоры,      1 гектарына анар, 20 гектар жеріне жүзім отырғызылған.

Биыл «Хамро ата» шаруа қожалығы шағын 18 қожалықты біріктіріп, кооперация құрып отыр.

Осының негізінде еңбек өнімділігін арттырып мол табыс табуды көздеп отырған шаруалар мемлекеттен бөлінетін әртүрлі жеңілдіктер мен субсидияға және лизинг арқылы жаңа техникаға қол жеткізіп отырғандарын айтады.

Кооперативтің жалпы жер көлемі 339,4 гектар болса, оның 6 гектарына жылыжай, 274,4 гектар жеріне мақта, 15 гектарға қауын, 20 гектарға жоңышқа, 10 гектар жерге жүгері, 8 гектарға жеміс-жидек, 1 гектарға анар, 20 гектарға жүзім егілген. Бұдан бөлек, «Хамро ата» фермерлік қожалығында мал бордақылау алаңы да бар. Ондағы 220 бас ірі қара малдың  жартысы бордақылануда.

Шаруа қожалықтың жұмысымен танысқан аймақ басшысы, мұндағы атқарылып жатқан жұмысқа оң баға беріп, өзгелерге өнеге болуы үшін аталған қожалықта семинар өткізуді сала басшыларына тапсырды.

 

 

Барлық жаңалықтар