2017 жылы Астанада 12 нысан жекешелендіріледі

1 Шілде, 2017 16:52
2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы елордада 12 заңды тұлға жекелешелендіруге жатады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгінде 3 заңды тұлға бойынша белгіленген тәртіпте бағаны төмендетуге бағытталған сауданың екінші кезеңі басталды. Атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша "Астана-Тазарту" ЖШС (65 933 542 теңгеге сатылым) және "Астана Миллентум KZ" ЖШС (34 245 358 теңгеге сатылым) нысандары бойынша өз бағасынан баға құны 49%-ға төмендеді. 

"Ақмола-Диірмен" ЖШС бойынша қатысушылардың болмауына байланысты сауда жүргізілген жоқ. Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің қатысуымен өткен Астана қаласы мемлекеттік коммуналды мүлікті жекелешелендіру мәселелері жөнінде комиссия отырысының қорытындысы бойынша 6 заңды тұлғаға қатысты шешім қабылданды. Осылайша "Көркем - құйма комбинаты" МКК және "Стоматология" УКЦ" ЖШС тендер арқылы сатылатын болды. "Астана қалалық жарық" ЖШС нысаны бойынша 1,6 млрд теңге несие қарызы бар. 

Осыған байланысты Энергетика басқармасы 5 шілдеге дейін аталмыш серіктестікті сату жолын қарастырып, ұсыныс жасайды. "Опера және балет театры" ЖШС "Өркен қала" ЖШС-не қосылу арқылы қайта құрылады. Ал "Астана құрылысы мониторингі" ЖШС нысаны "Астанақаласәулет" ЖШС-мен біріктіріледі.

 "Астана" спорттың ойын түрлері клубі" МҚКК-не қатысты қалған активтерді шығару нұсқасы ұсынылды. Қалған "Астана Өрнек" ЖШС, "Астана эко полигон" ЖШС мен "Арман" сауықтыру спорт лагері" МҚКК сынды 3 нысан бағалану үстінде. 

 

Барлық жаңалықтар