Қарағандыда биыл 17 мүсін орнатылады

20 Маусым, 2017 11:13
Қарағанды көшелерінде биыл 17 мүсін орнатылады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыс орталығының көшелері осы жазда бірнеше шағын сәулет құрылыстарымен әсемделеді. Тамыздың 28-іне дейін 16 мүсін орнату жоспарланған.

Олардың біреуі Ерубаев және Әлиханов көшелерінің қиылысындағы Балалар және жасөспірімдер сарайының алдындағы алаңда орнатылды. Саябақтың сәнін келтіріп тұрған 8 метрлік композиция «Сарыарқа» деп аталады. Жақын арада осы секілді сәулет өнерінің туындылары Төлепов, Бөкетов көшелерінің бойында, «Норма» супермаркетінің алдында, Құрылысшылар даңғылы мен Мұқанов көшесінің қиылысында, Мамраев атындағы шағын ауданда (Көгілдір тоған) және Магнитогорская көшесіндегі № 95 мектептің аумағында пайда болады.

«Барлық мүсіндер бетоннан құйылған болады.  Кейбірі қола бояумен, ал кейбір мүсіндер түрлі-түсті бояулармен боялады. Мысалы, Мамыраев атындағы шағын ауданда балалар алаңқайының маңында полихромды сәулет құрылысы орнатылады. Барлық нысандарды қолмен ұстауға болады, тіпті балаларға ойнауға рұқсат етіледі. Әрине, үлкендердің бақылауымен» , - деді Қарағанды суретшілер Одағының төрағасы Айдар Қалмаханов.

Сонымен қатар, кейбір жерлерде бүтін мүсіндік ансамбльдер орнатылады деген жоспар бар. Мысалы, Төлепов көшесінде тас үстінде демалып отырған ұл балаларды суреттейтін үш сәулет құрылыстары қойылады. Бетоннан жасалған ұлттық аспаптар Құрылысшылар даңғылы мен Мұқанов көшесінің қиылысында орналастырылады.

 

 

Барлық жаңалықтар