• Басты
  • Жаңалықтар
  • Швеция Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі бойынша ынтымақтастық жасауды ұсынды

Швеция Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі бойынша ынтымақтастық жасауды ұсынды

20 Маусым, 2017 10:57
Швеция ҚР ҚАӨМ-ге Жерді қашықтықтан зондтау жүйесі және ЖСНЖ бойынша, атап айтқанда ЖҚЗ деректерін қабылдаудың қазақстандық жер үсті станцияларының швециялық «PrioraNet» станциялар желісіне кіруі жөнінде ұсыныс жасады.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, Швеция Корольдігі Парламентінің Спикері Урбан Алиннің (Urban Ahlin) Қазақстанға ресми сапары аясында швециялық делегация Астана қаласындағы Ұлттық ғарыш орталығында болды.

Ведомство басшысы Бейбіт Атамқұлов делегация өкілдерін министрлік жұмысының бағыттарымен, атап айтқанда отандық ғарыш қызметінің дамуымен таныстырып өтті. Делегацияға «КazEOSat» жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) және «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің, Жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің (ЖСНЖ) жұмысы көрсетілді.  

Бұдан бөлек, шетелдік әріптестер Арктикада орналасқан спутниктерді басқару бойынша жер үсті ғарыш станциялары арқылы Швецияда «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» ғарыш аппараттарынан ЖҚЗ түсірілімдерін қабылдау, өңдеу және тарату қызметтерін ұсынды.

Сонымен қатар, швециялық ғарыш ұйымдарының басшылары тапсырыстарды Астана қаласындағы болашақ ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінде орналастыруға дайын екенін жеткізді және қазақстандық ғарыш аппараттарын швециялық «Эсрейндж» («Esrange») ғарыш айлағынан төмен орбиталарға ұшыру мүмкіндігін талқылады.

Урбан Алин қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде ғарыш саласының дамуында жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі реттеу жұмысын жалғастыру туралы келісті. Жақын арада ҚР ҚАӨМ Аэроғарыш комитетінің жұмыс тобы бірлескен жобалардың іске асырылуын толық пысықтау үшін Швецияға жіберілмек.

Барлық жаңалықтар