• Басты
  • Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы шығарылды

Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы шығарылды

19 Маусым, 2017 20:06
Әскери-патриоттық клубтар мен мамандандырылған әскери мектеп-интернаттардың 600-ден астам үздік өкілі бірнеше күн бойы керемет білімдері мен озық физикалық қабілеттерін ғана емес жауынгерлік машықтарын да ортаға салды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Жиынның салтанатты жабылу рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев қатысты.
 
«Сендердің бәрің де жиын шеңберінде өткізілген жарыстарға белсенді түрде қатысып, күш сынастыңдар. Сол арқылы өздеріңнің білімдеріңді, жетістіктеріңді паш еттіңдер. Бәрің де жаңа достар таптыңдар. Жеңістің тәтті дәмін тарта отырып, өздеріңнің күш-жігерлеріңді сынадыңдар. Биыл «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының пішіні өзгерді. Жиынға Ресей Федерациясы Орынбор Президенттік кадеттік училищесінің тәрбиеленушілері қатысып отыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне жастарды интернационалдық келісім мен өзара құрмет, халықаралық және ұлтаралық достық рухында тәрбиелеудегі біріккен белсенді жұмысы үшін ризшылығын білдіріп, алғысын жеткізеді. Осы жиында бірыңғай үнқатысу алаңы және әскери-патриоттық жұмыстардың орталығы болатын «Жас сарбаз» Республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысын құрудың негізін қаладық», – деді генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев.

Жиын қорытындысы бойынша әскери-патриоттық клубтар арасында Алматы облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы бірінші орынды бағындырып, жеңіс тұғырына көтерілді.
 
Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы еншілесе, үшінші орынды Астана қаласының «Бүркіт» әскери-патриоттық клубы иеледі.
 
 Жарыс жеңімпаздарына грамоталар, медалдар, кубоктар табыс етілді. Әскери-патриоттық жиынға қатысушылардың бәріне сертификаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.


 

Барлық жаңалықтар