С.Тәңірбергенов: ӘМСҚ басты мақсаты – пациенттердің құқықтарын қорғау

15 Маусым, 2017 15:11
МӘМС шеңберінде қандай да бір емхананы таңдау құқығы жайында сөз қозғаған кезде осы іске қалай дұрыс қарау керектігін түсіну қажет. ҚР азаматтарының құзыретіне не кіретіні және қандай шешім қабылдау керектігі жайында денсаулық сақтау саласындағы сарапшы Серік Тәңірбергенов Қазақстанда МӘМС жүйесін енгізуге арналған АЭФ панельдік сессиясы аясында Strategy2050.kz АА тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Серік Тәңірбергенов хабарлағандай, азаматтар 1 шілдеден бастап реформаның бір бөлігі ғана басталатынын, атап айтқанда, жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсімдері ғана басталатынын түсінуі қажет.

«Азаматтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар да 1 шілдеден бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдарды төлей бастайды. Азаматтарға жаңа шарттарда медициналық көмек көрсету 2018 жылғы 1 қаңтардан басталады. Тұрғындардың тіркелуіне, белсенділігіне қатысты барлық мәселелер сақтандыруды енгізумен емес, жалпы шарттармен байланысты, азаматтарымыз жалпы медициналық көмек көрсету кезіндегі өздерінің құқықтары туралы жеткіліксіз ақпараттандырылған немесе мүлде білмейді», - деп атап өтті С. Тәңірбергенов.

Сарапшының айтуынша, тіркеу науқаны кезінде белгілі бір сәттерді ескеру қажет.   

«Тіркеу науқаны жайында айтқан кезде сәуір айында жарияланған тіркеу бірінші кезекте әрбір қатысушының мәртебесін сәйкестендіру үшін жүргізілген болатын. Бұл әр адам емханаға баруы тиіс дегенді білдірмейді. 1 шілдеден бастап жарналар аударыла бастағанын ескере отыра, осы кезеңге дейін барлық ақпараттық жүйелер, дерекқорлар бойынша жұмыс істейтін адамдарды сәйкестендіру керек болды. Ал белгілі бір себептер бойынша жұмыс істемейтін немесе өз қызметін қалыптастырмаған адамдарды тиісінше тіркеу керек. 1 қаңтардан бастап ешкімнің назардан тыс қалмауы үшін бюджетті дұрыс есептеп, медициналық көмек көлемдерін жоспарлау қажет», - деп түсіндірді спикер.

Серік Тәңірбергеновтың айтуынша, учаскелік емхананы таңдау бойынша жоспарлы тіркеу науқаны қыркүйекте басталады, осы уақытта нақты учаскелік емхананы таңдау құқығын іске асыруға болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын қолдауға, ауруханаларды қаржыландыруға арналмаған, оның басты мақсаты – пациенттердің құқықтарын қорғау. Қор сенімді тұлға болып табылады, қор – барша халықтың атынан және халық үшін медициналық көмекті білікті сатып алушы. Тағы бір айта кетерлігі, таңдау құқығы жайында сөз қозғаған кезде медицина саласы дәстүрлі қызмет көрсету салаларынан айтарлықтай ерекшеленеді. Нені, қалай таңдау керек және қандай шешім қабылдау керектігін білу үшін анағұрлым терең білім қажет. Азамат іс жүзінде: медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымын таңдай алады, яғни адам өзіне қолайлысын, қымбат емес және сапалысын таңдайды. Жоспарлы емдеуге жатқызуды таңдау кезінде адамға көмек көрсететін ауруханалардың тізімі көрсетіледі», - деді спикер.

Осыған орай, С. Тәңірбергенов неліктен барлық ауруханалар туралы емес, белгілі бір тізімдер жайында ғана айтылатынын түсіндіріп өтті.

«Қор осы қызметтер бойынша біліктілерін іріктеп алады. Ал шұғыл жағдайларда адам үшін денсаулық сақтау жүйесі шешім қабылдайды. Себебі  белгілі бір себептерге байланысты, адам өзінің жай-күйінің ауырлығын дұрыс бағалап, өзін ауруханаға қандай уақыт ішінде жеткізу керектігін үнемі біле бермейді», - деп қосты Серік Тәңірбергенов.

Еске сала кетейік, бүгін Астана экономикалық форумы аясында «Міндетті медициналық сақтандыру – медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту құралы ретінде» панельдік сессия жұмысы өтті.

Ақбота Күзекбай

Барлық жаңалықтар