Түркістанда балабақша мен емхана ашылды (ФОТО)

12 Маусым, 2017 10:34
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы сапармен Түркістан қаласында болып бірнеше әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты.

Өңір әкімдігі хабарлағандай, аймақ басшысы алдымен Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округінің орталығындағы ауысымына 100 науқас қабылдайтын емхананы ашты.

«Облысымызда соңғы бес жылда 200-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды, 100-ден астам нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, жыл сайын медициналық құрал жабдықтар жаңартылып,  жабдықталу көрсеткіші 65 пайыздан асып отыр. Биылғы жылы облысымызда 34 нысан салынып, іске қосылады. Сол нысандардың бірі – Шорнақ ауылындағы емхана. Осы емханада жұмыс атқаратын медицина қызметкерлері жаңа ғимаратта ауруды алдын алуда, емдеуде сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Жаңа емхана құтты болсын ағайын, халық игілігіне пайдалансын!»-деді әкім.

Бұрынғы ауылдық кішігірім ескі емхананы жаңарту мақсатында, сондай-ақ, ең өзекті мәселенің бірі – халық денсаулығын жақсарту үшін бой көтерген бұл жаңа ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталған болатын.

Бүгінде 231 млн. теңгеге салынған емхананың ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Емxана ғимаратының құрылысын А.Бердаш басқаратын мердігер ТОО «Ас Строй» жүргізген.

Шорнақ ауылдық емханасы күніне 100 тұрғын қабылдауға арналған. 2 қабатты емханада 51 бөлме мен 8 төсек орынды күндізгі бөлімі бар. Емханада жұмыс атқаратын  61 қызметкердің 7-еуі дәрігер, 37-сі мейірбике, 17-сі кіші қызметкер.

Сапар барысында облыс әкімі  Жүйнек ауылдық округіндегі 120 орындық «Шамшырақ» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты.

Жүйнек ауылдық округіндегі 120 орындық «Шамшырақ» бала бақшасын ашудағы негізгі мақсат – ауыл округіне қарасты орта мектеп ішіндегі 234 баламен жұмыс жасап істеп шағын орталықты орналастыру үшін, мектеп ғимаратындағы сынып жетіспеушілігі мәселесін шешуге яғни арнайы бала бақшаға арнап салынған ғимараттың қажеттілігінен туындаған. 

Балабақша ғимаратының құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың сәуір айынан бері бас мердігер «Ныш - Ер» ЖШС-гі жүргізіп,  2017 жылдың мамыр айында аяқтап, бүгін қолданысқа берді. 120 балаға арналған «Шамшырақ» бала бақшасы бүгінде қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

Барлық жаңалықтар