Қарағанды облысында ірі күн электр станциясы салынады

8 Маусым, 2017 17:32
Қарағанды облысының Саран қаласы маңында бүгін «SES Saran» ЖШС Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясының құрылысын бастады, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Инвесторлары Еуропалық одақтың өкілдері. Жоба құны – шамамен 140 миллион еуро. 

«Бүгін айтулы оқиға болып жатыр. Біз ең ірі күн электр станциясының құрылысын бастап жатырмыз. Бұл біздің аймақтың ЭКСПО-ға сыйлығы. Инвесторларға, серіктестерімізге жобаларын жүзеге асыруда Қарағанды аймағын таңдағандары үшін алғысымды білдіргім келеді. Жаңартылған энергия көздерін дамыту – ол Елбасының тапсырмасы. Бүгінгі таңда облысымызда біз сол тапсырманы орындау үшін алғашқы қадамдар жасаудамыз», - деді ашылу салтанаты барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Инвесторлардың айтуынша қазіргі уақытта құрылыстың басталуына барлығы дайын. Жоба бастамашылары Қазақстанда күн энергетикасын дамыту үшін барлық жағдай бар дейді. Қажетті аумақты таңдауда жергілікті биліктің қолдауы маңызды рөл атқарған екен. 

«Бұл жобаны сәтті жүзеге асыруға байланысты барлық негізгі мәселелер шешілген. Біз бүгін күн электр станциясының құрылысын бастадық, оны 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің электр станциямыз қазақстандықтардың өмір сапасын жоғарылатуға септігін тигізетініне сенімдіміз. Біріншіден, бұл «жасыл» технологиялар және қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын әдіс. Екіншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуы», - деді жобаның бас инвесторы Ян Зонненшайн. 

Бір жылдық электр энергиясының өндіріс көлемі 145 млн кВт/с құрайды. Станцияның қуаттылығы - 100 МВт. Салыстырар болсақ, Саран қаласы 10 есе азырақ қуат жұмсайды. 
 

Барлық жаңалықтар