• Басты
  • Жаңалықтар
  • "Нұрлы жер": субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы үшжақты шарт жасалды

"Нұрлы жер": субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы үшжақты шарт жасалды

7 Маусым, 2017 19:59
«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ, «БанкЦентрКредит» АҚ және қарыз алушы арасында «Нұрлы жер» мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы бойынша алғашқы үшжақты шарт жасалды.

«Қарыз алушы ипотеканы арзан бағаға алады, ал банк мемлекеттік субсидиялау есебінен өз мөлшерлемесін алады. Мұндай механизм ипотекалық нарықты жандандыруға, жаңа тұрғын үй құрылысына серпін беруге, жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді. Біз қаржы операторы ретінде осы бағдарлама ойлағандай жұмыс істеп, азаматтарымыз бен экономикамызға нақты пайда әкелуі үшін бар күшімізді саламыз», - деп атап өтті «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Субсидиялауға өтінімдерді бірінші болып «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФ Банк» АҚ қабылдай бастады, жақын арада оларға «Сбербанк» АҚ да қосылады. Аталғандардан басқа, келіссөз нәтижелері бойынша «Bank RBK» АҚ, «Цеснабанк» АҚ,  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ бағдарламаға қатысатынын растады.

«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде 2016 жылдан бастап коммерциялық банктердің ипотекалық қарыздарын субсидиялаудың жаңа бағыты көзделгенін айта кету керек. Субсидияланатын қарыз бойынша қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме 10%-ды құрайды, мөлшерлеменің қалған бөлігін ҚИК өтейтін болады. Осы ретте субсидиялауға дейінгі ең жоғары банк мөлшерлемесі субсидиялау туралы шешім қабылдау сәтінде ҚР Ұлттық банкінің қолданыстағы базалық мөлшерлемесі деңгейінен 5%-дан артық аспауы тиіс. Банктер қарызды ресімдеумен және берумен байланысты комиссиялар алмайды. Осы бағдарлама бойынша тұрғын үй құнының алғашқы жарнасының 30%-ына ие бола отырып, бастапқы тұрғын үйді сатып алуға болады, мұндай қарыз 10 жыл мерзіміне беріледі. Алматы мен Астанада несиенің ең жоғары субсидияланатын сомасы – 20 млн теңге, облыстарда – 15 млн теңге.  

Жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша банктердің халыққа беретін ипотекалық қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мақсатында 10 млрд теңге бөлінетін болады.

Болжам бойынша бұл бастапқы тұрғын үй сатып алу кезінде 120 млрд теңгеге жуық сомаға 8 мыңға жуық қарызды қамтуға мүмкіндік береді. Осылайша, «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуы еліміздегі тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

Еске сала кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы – қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үкімет жұмысының нәтижесі.

Барлық жаңалықтар