Ақтөбе облысы ШОБ дамытуда көшбасшылар қатарында

7 Маусым, 2017 12:59
2016 жылы өңірдің ШОБ дамытуға 41 млрд. теңге бөлінген болатын, деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлікті дамытуға арналған жиын барысында.

Облыс әкімі бизнес субъектілеріне  мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп, жыл сайын қаржыландыру артып келе жатқанын атап өтті. 

«Бізде мемлекеттік бағдарламалар мен пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Аталмыш салада 130 мың адам немесе экономикалық жағынан белсенді халықтың 30 пайызы айналысады. Бұл нәтиже әлі де жеткіліксіз. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, бизнестегі әкімшілік кедергілерді жою шараларын қолға алу қажет. Біз Мемлекет басшысының бизнес саласында жұмыс жасайтындар санын арттырып, аталған көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу бойынша тапсырмасын орындау үшін барынша қолда бар мүмкіндіктерді қолдануымыз қажет», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, ағымдағы жылдың төрт айдағы қорытындысы бойынша жұмыс жасап тұрған ШОБ субъектілерінің саны 49,5 мың бірлікті құрады, өсім 108,5 пайыз.

Бұл Қазақстан бойынша екінші көрсеткіш. ШОБ өнімдерін шығару көлемі 662,1 млрд. теңге немесе 120,5 пайыз. Аталмыш көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы бірінші орында. «Бизнестің жол картасы -2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға несиелерге кепілдік беруге сонымен қатар, 2017 жылға грант беру үшін 1,2 млрд. теңге қарастырылған.

Жыл басынан бері 109 жобаға қолдау көрсетілді. 47,7 пайызы аудандардың, 52,3 пайызы Ақтөбе қаласының үлесінде. Пайыздық мөлшерлеме несиелері бойынша субсидия алған жобалардың ең басым бөлігі облыс орталығында (59%). Басым бағыттардың қатарында өндіріс, көлік қызметтері, сауда, білім беру қызметі және т.б. бар.

Гранттар жалпы сомасы 19,0 миллион теңгеге бизнестің 15 субьектісіне берілді. Оның ішінде үшеуі мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге тиесілі.   182,8 миллион теңге мөлшерінде құрылыс-монтаж жұмыстарын және инфрақұрылымдар жүргізу бойынша 4 жоба қолдау тапты. Бұл қаржыға Қарғалы ауданында суармалы жерлер алқаптары кеңейтіледі, бекіре шаруашылығы дамытылады, демалыс базасы құрылымдалады, сондай-ақ 2 жол бойы кемпингіне инфрақұрылым жүргізіледі.

2017 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің санын 52,4 мың бірлікке жеткізу, сол жұмыс істеп тұрған субъектілерде жұмыс істейтіндер санын 132 мың адамға дейін ұлғайту көзделуде. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік секторында өндіріс көлемін 750 миллиард теңгеге дейін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету және бөлінген қаржыны дер кезінде игеру бойынша шаралар қабылдау белгіленуде.

 

Барлық жаңалықтар